2019 жылдан бастап Қазақстан 6 елге бензин экспорттай бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2019 жылдан бастап Қазақстан 6 елге бензин экспорттай бастайды

27.12.2018

Бұл туралы өткенге есеп беріп, болашаққа бағдар жасаған Энергетика министрі мәлімдеді. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2018 жыл министрлік үшін сәтті әрі табысты жыл болды. Елімізде биыл рекордтық көлемде мұнай өндіріліп, мұнай өңдеу зауыттарындағы жаңарту жұмыстары тәмамдалған. Енді, ішкі нарық экологияға зияны аз, сапалы жанар-жағармаймен қамтылмақ.

Жанармайдың алғашқы легі ақпан айында Қырғызстанға экспортталады. Ал, наурыздан бастап Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне жөнелтілмек. Қазір қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр. Тағы екі ел Қазақстан бензинін сатып алуға ниет білдіруде.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Қырғызстаннан бір апта бұрын жауап келді. Қол қойса, ақпан айынан бастап Қырғызстанға экспортты бастаймыз. Осындай мәселелерді Армения және Беларусьпен де талқылап жатырмыз. Олардың өздері «бензинді сатып алайық» деп сұрап жатыр. Сондықтан, бұл мәселе Еуразиялық Экономикалық Одаққа кіретін мемлекеттермен талқылану үстінде.

Ішкі нарық толығымен К4/К5 экологиялық санаттағы жоғары сапалы жанар-жағармаймен қамтылады. Биыл мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Әлеуеті артты, қоры мол. «Демек, 4-ші мұнай өңдеу зауытына әзір қажеттілік жоқ»,-деді министр. Ал, мұнай өндіруде Қазақстан биыл рекордтық көрсеткіш көрсетті.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- 2018 жылғы мұнай өндіру көлемі 90,3 млн. тоннаны құрады. Бұл - бұрын болмаған рекорд. 2017 жылмен салыстырғанда биылғы өндіріс 4,7 пайыздық өсімді көрсетті. Оның ішінде, 3 ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 53,9 млн. тоннаны құрайды. Яғни, Қашағанда - 13,2, Теңізде - 28,6, Қарашығанақта 12,1 млн. тонна мұнай өндіріледі.

Газ бен электр энергиясының өндірісі де өскен. Барлық салада экономикалық өсім бар. Осыны айтқан Қанат Бозымбаев өз басқаруындағы ведомствоның биылғы стратегиялық жоспарды тыңғылықты орындағанын айтты.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу