Алматы қаласында жаңажылдық безендіруге бюджеттен 75 млн. теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласында жаңажылдық безендіруге бюджеттен 75 млн. теңге бөлінді

25.12.2018

Алматы қаласының әкімшілігі Тәуелсіздік тойынан кейін мегаполисті Жаңа жылға дайындауға кірісіп кетті. Себебі, үлкен қаланы әртүрлі жарықшамдармен әрлеу оңай шаруа емес. Бұған жергілікті бюджеттің бүйірінен 75 млн. теңге бөлінген. «Десек те, жаңажылдық безендіруге жұмсалған қаржының көлемі былтырға қарағанда әлдеқайда аз», дейді жауапты мамандар. Өйткені, көше бойына арнатылған шыршалардың 50 пайызы - өткен жылғы жасанды шыршалар.

Қала әкімдігі қоғамдық орындарға, яғни Абай мен ескі алаң, Атакент пен Тұңғыш Президент саябағы және «Алматы Арена» спорт сарайының маңына шырша тікті. Бұдан бөлек, қаладағы 8 ауданның әкімдігі жоспарға сай бекітілген жерде әрлеу жұмыстарын жүргізді. Ойын-сауық орталықтары мен кәсіпкерлер де тиісті кешендердің іші-сыртын жаңажылдық шыршалармен көмкерді.

Ірі мегаполистің сәт сайын өзгеріп, мерекелік түрленуі тұрғындардың көңіл күйіне әсер етті. Себебі, шыршаның үлгісіндегі мерекелік макеттер ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. «Сондықтан, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген аң стилінің шаһарда жаппай көрініс табуы тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді», дейді көпшілік.  

Қазір Алматыда қысқы туризм үшін қолайлы уақыт. Өйткені, «Шымбұлақ» тау шаңғы кешені мен «Медеу» мұз айдынын тамашалап, жайлы демалыс өткізу үшін, әлемнің әр қиырынан келетін саяхатшылар аз емес. Оған қоса, Алатаудың асқақ шатқалдарын қылқанжапырақты ағаштар көмкеріп тұр.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу