Атыраудағы бекіре өсіру зауытында балық қырылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы бекіре өсіру зауытында балық қырылып қалды

25.12.2018

Ауыл шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, өлген  балық  3,5 тоннаға жеткен. Шаруашылықтағы 200 тоғанның 176-сында су маржандары болған. Сүзілген балықтардың тірі қалғандары некен-саяқ. «Олардың әрі қарай бейімделіп кетуі екі талай», дейді ихтиолог мамандар. Зауыт басшылығы да бекіренің уланғанын растады. Өйткені, балықтардың бауыры езіліп, желбезектеріне қан ұйып қалған. Қып-қызыл шығынға батқан зауыт, 600 дана аналық бекіреден, 500 келі тауарлы қара уылдырық алуды жоспарлапты. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Әміржан Шауданов, зауыт директоры:

- Балық уланған. Бірақ, нақты неден екені белгісіз.  Алғаш бекіре балығы қырыла бастаған кезде, зерттеу жұмыстары жүргізілді. 5 желтоқсандағы сынамалардың қорытындысы хлордың шамадан тыс артқанын көрсетіп отыр. Бұл туралы дәлелдеме анықтамасы да берілген. Негізінен балық шаруашылықтары үшін хлордың қалыпты көрсеткіші 300 бірлік болуы керек. Ал, бізге берілген анықтамада хлор 557 бірлік деп көрсетілген.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу