2018 жылы сыбайлас жемқорлықпен күресте де көптеген шаруалар тындырылды. Бір жыл ішінде осындай қылмыстарға қатысы бар 2,5 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелді. Ұлттық агенттік таратқан мәліметтерге қарағанда, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беріп, өзінің қызметтік лауазымын асыра пайдаланғандардың ішінде министрлердің, облыс әкімдерінің орынбасарлары да бар. Яғни, лауазымдарына қарамастан, заңсыз әрекеттерге барған кез келген тұлға жауапқа тартылады.
Энергетика министрінің 3 бірдей орынбасары мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келдірді деген күдікпен ұсталды. Щучье-Бурабай курортты аймағындағы тазалық үшін атқарылмаған жұмысқа ақша бөлдірген. Тергеу-тексеру амалдары әлі жалғасып жатыр.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары да 115 мың еуро көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол құрылыс компаниясымен ымыраға келу үшін 400 мың еуро талап еткен. Елде жүргендер ғана емес, шетте жүріп, елдің сөзін сөйлейтіндер де қазынаға қол сұқты биыл. Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшіміз салынбаған ғимараттың құрылысы үшін мемлекетке қаржы бөлдірген. Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы да қол астындағы қызметкерлерге қамқорлық көрсеткені үшін олардан тұрақты түрде пара алып тұрғын. Бұл жылы Мәдениет министрлігінен де парақор табылды. Мысал ретінде айтып отырғанымыз ең ірілері ғана.
Жалпы, қазынаның қаржысын қара басының қамы үшін қымқырып қалмақ болғандардың саны биыл 11 айда 2432-ге жетті. Оның жартысынан көбі пара алғандар болса, 45 пайызы жымқыру дерегі бойынша ұсталды.
Жанна Бастарова, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Сыбайлас жемқорлық үшін 1096 лауазымды тұлға жауапқа тартылуда. Оның ішіндегі 20 республикалық деңгейдегі басшылар. 83 облыстық және 134 қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар.
Дегенмен, мамандардың айтуынша, соңғы 2 жылмен салыстырғанда жемқорлық деңгейі азайып келеді. Былтыр тұрғындардың 20 пайызы жемқорлық әрекеттеріне кезіккен болса, биыл бұл көрсеткіш 7 пайызға азайған.
Жемқорлар барша халықтың сіздің және менің құқығымызды таптайды, ақшамызды жымқырады. Олар пара беру арқылы баршамызға ортақ жасалған жағдайды өз мүдделеріне пайдаланады. Бірі ақша беріп, содан көл-көсір пайдаға кенеледі. Екіншісі сол ақшаны місе тұтады. Сайып келгенде парақорлар елдің дамуына кедергі келтіріп, экономиканы шатқаяқтатуға дейін алып келеді. Ең соңында олардың барлығының баратын жері белгілі.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.