Талдықорған әуе базасы республика бойынша үздік деп танылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған әуе базасы республика бойынша үздік деп танылды

21.12.2018

Талдықорған әуе базасы Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің әскери бөлімдері арасында биыл ең үздік деп танылды. 21/751 әскери бөлімінің ұшқыштары еліміздің әуе кеңістігін күзету міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, түрлі халықаралық додаларда топ жарып жүр. Әуе қырандары Астана қаласының 20 жылдығына арналған әскери шеруде жойғыш ұшақтардың мүмкіндіктерін паш етіп, асқан шеберлік танытқан болатын.

Жетісулық ұшқыштар күндіз-түні, кез келген ауа райында аспанда қырандай қалықтап, жердегі нысананы дәл көздей алады. «Үздік болудың сыры қатаң тәртіп, сапалы білім және балалық арманда», - дейді командирі Александр Орел.

Александр Орел, авиациялық бөлімше командирі:

- Ұшқыш болу бала кезгі арманым еді. Қазір арманым орындалды. Азаттықтың ақ таңында осындай мемлекетте дүниеге келгенім мен үшін үлкен мақтаныш және жауапкершілік.

Жыл басынан бері ұшқыштар «Авиадартс», «Бейбіт миссия», «Ашық аспан», «Аңырақай», «Батыс» сынды сан түрлі халықаралық оқу-жаттығулар мен сайыстардан жүлделі орын алған.

Арман Жақсыбаев, 3-әуе эскадрилиясының штаб бастығы:

- Бұл жетістік менің ойымша, бүкіл авиациялық жеке құрамның ортақ жетістігі деп ойлаймын. Біз көптеген халықаралық оқу-жаттығуларда үздік қатысамыз.

Жыл сайын әуе базасы жас ұшқыштармен, жаңа ұшақтармен толығып отырады. Темірлан Байменов қызметке былтыр келді. Содан бері 186 сағат әуеде қалықтаған. Бірақ, жас маман әлі үйренерім көп, дейді.

Темірлан Байменов, аға ұшқыш:

- Әлі күнге дейін бізге инструкторлар көп жұмыс істеп, көмек көрсетіп жатыр. Әлі де үйренетін нәрселер көп. Қазақстанның аспаны тыныш болуына бар күшімізді саламыз.

Бейбіт елдің көк аспанын күзеткен қырандардың әрбір жаңа жетістігі одан биік шыңдарды бағындыруға жігерлендіреді. Ал, әуе кемесін тізгіндеген әр ұшқыштың алдында Отанға деген абыройлы қызметі тұр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу