Биыл еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен Қостанай облысына 200-ге жуық отбасы көшіп барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен Қостанай облысына 200-ге жуық отбасы көшіп барды

20.12.2018

Елге ел қосылса – құт. Биыл еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен Қостанай облысына 200-ге жуық отбасы көшіп барды. Олардың бәрі мемлекеттің жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қоныс аударған. Мақсат - халқы тығыз орналасқан аймақтардан жері құнарлы, адамы аз терістікке көш басын бұру.

Ерлан Қаңтарбаев Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан Алтынсарин ауданына қыркүйек айында көшіп келді. Отбасында жеті адам бар. Олардың әрқайсына мемлекеттен 84174 теңге жәрдемақы берілді. Мұның сыртында бір жылдық пәтерақыға 600 мың теңге төленген. Осы қаржының басын қосып, аудан орталығынан баспана сатып алды.

Ерлан Қаңтарбаев, Алтынсарин ауданының тұрғыны:

- Солтүстіктің ауа райы ұнады. Бір жағынан, Үкімет көмек көрсетіп жатқанда, оны неге пайдаланбасқа?

Қазір Ерлан жергілікті спорт мектебінде жұмыс істейді. Оның сыртында «Еңбек» бағдарламасымен 1 млн. 400 мың теңге несиеге 5 сиыр сатып алды. Жалпы, Алтынсарин ауданына биыл 10 отбасы көшіп келген.

Жангелді Ділдәбеков, Алтынсарин аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Келгеннен кейін олар жергілікті ауылдық округ әкімдерінің бақылауына алынады. Олардың барлығы да жұмыспен қамтылады. 

Ал, облыс аумағына оңтүстік пен батыстан 97 отбасы қоныстаныпты. Бұл 927 адам. Әр азаматқа 35 айлық есептік көрсеткіш бойынша мемлекеттен бір реттік жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар, бір жылға дейін пәтер жалдауға қаржы беріледі. Ең бастысы, мамандығы мен мүмкіндігіне сәйкес еңбек жасындағы кісілердің барлығы жұмыспен қамтылады. Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашуына да жағдай жасалады.

Бақыт Әбілхайырқызы, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы:

- Дәрігерлер, механизаторлар, басқа да жұмыскерлер бар. Осы келгендердің ішінде 24 адам өзінің жеке кәсібін ашты.

Алдағы жылы Қостанай облысына 600 отбасын көшіріп әкелу жоспарланып отыр. Яғни, жыл өткен сайын қоныс аударуға ынталы азаматтардың қатары көбейіп келеді.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу