Ақмола облысының Макинск қаласында құс фабрикасы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Макинск қаласында құс фабрикасы іске қосылды

20.12.2018

Ақмола облысының Макинск қаласында құс фабрикасы іске қосылып, алғашқы өнімін нарыққа шығара бастады. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтың 30 пайызын қамтиды. Осылайша, елімізге сырттан келетін құс етінің үлесі азаймақ. Нысан ашылғалы 900-ден астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды.

Кәсіпорынға 45,6 млрд. теңге инвестиция құйылған. Нысан жылына 25 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Ал, 2020 жылы фабрика мүмкіндігі екі есеге молайып, өндіріс көлемі 50 мың тоннаға жетпек.

Олег Полковников, құс фабрикасының өндіріс жөніндегі директоры:

- Біздің артықшылығымыз, сапа көрсеткіштері өзін-өзі реттейтін компьютерлік жүйе арқылы бақыланады. Ол онлайн-режимде тәулік бойы үздіксіз қызмет атқарады. Сондай-ақ, біз экологиялық таза құс азығын қолданамыз. 

Макинск құс фабрикасының іске қосылған бөлігі тоғыз өндірістік алаңды қамтиды. Оның ішінде инкубатор, әрқайсысында он екі құс қорасы бар төрт бройлерлік алаң, құс етін өңдеу зауыты, қалдықтар желісі, қосалқы алаң және жем-шөп өндіру цехі бар.

Сергей Панчев, бас технолог:

- Құс фабрикасында әлемдік озық технологиялар қолданылады. Мысалы, мына өндірістік желі Нидерландияда құрастырылған. Құс етін тұтынушыға жіберудің соңғы кезегінде тұрмыз. Мұнда әр қорапқа 13 келі құс еті өлшеніп салынады.

Макинск құс фабрикасы Астана азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге атсалысады. Сонымен қатар, өнімін елордадан бөлек, солтүстік өңірде саудаламақ.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу