Елорданың бас шыршасының шамы жағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың бас шыршасының шамы жағылды

19.12.2018

Жылдағы ғажайып сәтке куә болу үшін ЭКСПО алаңына мыңдаған адам жиналды. Қала тұрғындары мен қонақтарын Астана әкімі Бақыт Сұлтанов құттықтап, осылайша, елордада жаңа жылды қарсы алуға дайындық басталып кетті.

25 метрлік әсем шырша жарық шамдармен жарқырап, жиналғандарды бір қуантты. Бұл сәтте бас шыршамен қоса Астананың басқа аудандарында орналасқан 12 жасыл желектің шамдары қосылды. Жаңа жылға дайындық ресми түрде басталып кетті. Ал, алаңға жиналған халық құттықтауларын жаудырды.

Биыл Астанада қысқы ойын-сауық жылдағыдан ерекше ұйымдастырылады. 12 тақырыптық алаң құрылып, 32 мұз айдыны, 36 мұз төбешік жұмыс істеп, 400-ден астам іс-шара өтеді.

Нәрима Мұхамбеталина, қалалық Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы қысқа арналған кең ауқымды қызмет көрсететін интерактивті алаңымыздың іске қосылуы деуге болады. Бұл алаңдар әртүрлі. Келушілер әртүрлі сезімге бөленеді. Әртүрлі атмосфераны сезеді.

Қала тұрғындары мен қонақтары бір алаңда Ұлы жібек жолы кезеңінен көріністерге кенелсе, енді бірінде Лапландияға саяхат жасай алады. Мұз айдындары болса, күнде таңғы 10-нан түнгі 11-ге дейін ашық болады.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу