Маңғыстау облысында бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында 244 жоба жүзеге асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында бизнестің жол картасы бағдарламасы аясында 244 жоба жүзеге асты

18.12.2018

Оның 74-іне биыл Үкімет субсидия бөлді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тағы 5 жылға ұзарды. Себебі, 2010 жылдан бері елімізде осы бағдарлама арқылы кәсіп ашып, жаңа жұмыс орнын ұсынып, табысқа кенелгендер көп.

Басқұдық ауылында амбулаториялық емхана ашу кәсіпкерге оңайға соқпады. Өйткені, шетелдік құрал-жабдықтар өте қымбат. Сондықтан, ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша несие алып, медициналық жабдықтарды сатып алды. Несиенің 7,5% пайызы жергілікті бюджеттен субсидияланады. Кәсіпкер қалған 1 пайызын ғана төлейді.

Ұлжан Сәрсенова, бас дәрігер:

- «Нұр капитал» жобасына, «Даму» қорына, Елбасымыздың бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік берген облыс әкіміне алғысымыз зор. Бүгінгі таңда Басқұдық селосының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге дайынбыз.

«Еңбек» бағдарламасының арқасында Күләш Орынбасарова Ақтау қаласында балабақша ашты. Бөбекжайды заман талабына сай жабдықтады.

Күләш Орынбасарова, кәсіпкер:

- Балабақша ашу оңай жұмыс емес. Өте қиын. Соның ішінде өзіміздің қаражатымызды салып жөндедік. Осы «Даму» арқылы ақша алып, ісімді одан ары қарай жалғастырдым. Бару керек, сұрау керек. Шынымды айтсам, бұрын көп сенбейтін едім. Қазір бәріне айтарым, барыңдар, біліңдер, көріңдер. Барсаңыздар жобаларыңыз қолдау табады, ісіңіз алға басады.

Ақтауда көп ұзамай 250 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер елдің игілігіне берілмек. Жоба «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты. Заманауи үйлерде балалар ойын алаңы мен көлік тұрағы бар.

Гүлжан Қалымбетова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының МОФ директоры:

- Маңғыстау бойынша бұл бірінші жоба. Банктің 14 пайызбен алынған несиесінің 7пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отыр. Субсидия 3 жылға бекітілген. Сондай-ақ, бұл бағдарлама аясында құрылыс компаниясы құрылыс аяқталған соң салынған пәтерлердің 50 пайызын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына беруі тиіс. Сол шарт жасалған.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 74 жоба қолдау тапты. Өңірлік «Нұр Капитал» жобасы да өз нәтижесін бере бастады. Ол бойынша 22 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде, өңірде 250 жаңа жұмыс орны ашылмақ.  

Сәбит АМАНГЕЛДІҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу