Уақытынан асыра жұмыс істегендер жауапқа тартылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уақытынан асыра жұмыс істегендер жауапқа тартылып жатыр

12.12.2018

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдарға барып, рейд өткізді. Кешкі 18:30-дан кейін үйлеріне қайтпай, жұмыс орындарында отырғандарды анықтады.

Сағат кешкі 18:30. Министрліктер үйінен қызметкерлер біртіндеп шыға бастады. Ал, біз агенттікпен бірлесіп, Елбасы Жолдауында айтқан жұмыс орнында артық отырмау тапсырмасын орындамай, мемлекет ғимаратын заңсыз пайдаланып отырғандарды анықтауға кірістік. Көп іздеудің қажеті де болмады. Заңды белшесінен басып отырғандар көп болып шықты.

Кейбір кеңселерде отырғандар тексеріп жүрген мамандарды кіргізбей, дөрекілік те көрсетті. Мемлекеттік қызметкердің этикасына жат қылық екені айдан анық.

Кешкі уақытта жұмыста жүргендер түрлі себеп айтты. Бірі «кетіп бара жатырмыз» десе, бірі басшысы үйіне қайтпай, жұмыстан шыға алмайтындығын жеткізді.

Тексеріп жүрген мамандар мен біздің камераны көріп, бет қаратпай қаша жөнелгендер де болды. Заң бойынша күн сайынғы жұмыс уақыты 8 сағаттан көп болмауы керек. Егер одан асатын болса, арнайы бұйрық шығарылуы тиіс. Жұмыста отырғандардың тек үшеуінен ғана біз осындай құжатты көрдік.

Бағлан Жалпошов, Еңбек заңнамасын бақылау басқармасының басшысы:

- Әр жұмыскерге тиісті хабарлама келеді. Уақытылы ғимаратты босатулары керек. Егер ол уақытта қайтпаса, тиісті шара қолданылатыны туралы ескертіледі.

Равиль Төлебаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің директоры:

- Біз 3 тұлғаны көрдік. 18:30-дан кейін 15-20 минутқа кешіккен. Мұны Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты айтып отырмын. Ұлттық экономика министрлігінде 10 адам, Қаржы министрлігінде 2 адам. Осы мәліметтерді мемлекеттік органға жіберетін боламыз. Егер тиісті бұйрықтар болса, растайтын құжаттардың көшірмесін жолдауы тиіс.

Мұндай рейд шаралары кемінде келер жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс уақытын тиімді пайдалануды ескертті.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу