Екібастұз қаласына қарасты алты ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұз қаласына қарасты алты ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды

11.12.2018

Екібастұз қаласына қарасты алты ауылдың тұрғындары биыл қыстан қысылмай шығатын болды. Шалғайдағы елді мекендер орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Жалпы, Павлодар облысы  таза ауыз су мәселесі шешілмеген өңірлердің бірі. Бүгінгі күнге дейін халықтың 29 пайызы ғана сапалы суды тұтынады.

Екібастұз қаласына қарасты Шиқылдақ ауылында 500-ден аса адам тұрады. Негізгі кәсіп - мал шаруашылығы. Жылқы мен қойдан бөлек, 5 мыңнан аса ірі қара бар. Яғни, қаланы асырап тұрған ауыл. Зиягүл Байақашева осы ауылда 60 жылдан бері тұрады. Ет пен сүт өндіруден үнемі алда болатынбыз. Бірақ, тұрмыс жайлылығын ескерген жан баласы болған жоқ. «Енді міне, үйді-үйге су беріліп қуанып жатырмыз», - дейді.

Зиягүл Байақашева, Шиқылдақ ауылының тұрғыны:

- Айына 2 мың теңге ғана. Бірінші айға 2 мың теңге төледік. Ауылға қымбат емес. Өйткені, біз мал суарамыз ғой, монша жағамыз, кір жуамыз.

Шиқылдақ ауылын сумен қамтамасыз ету үшін 10 шақырымдық құбыр салынды. Бұл мақсатқа бюджеттен 220 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Шәріпжан Бейсенов, Сумен қамтамсыз ету кешенінің операторы:

- Үш мәрте сүзгіден өткізіп барып, орталық құбырға жібереміз. Судың сапасы өте жақсы. Сорғылар барлығы автоматты түрде қосылады. Кез келген маусымда тоқтаусыз жұмыс істейді. Біз тек қана бақылап отырамыз.

Соңғы уақытта Екібастұз аумағындағы ауылдардың тұрғындары қалаға көше бастаған. Оның басты себебі сапалы ауыз судың тапшылығы болатын.

Асланбек Садықов, Екібастұз қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы:

- 2018 жылы Екібастұз өңірінде сумен қамту жүйесінің құрылысына 1,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Жұмыстар уақытында бітті.

Келер жылы бұл ауылдардың жолын жөндеу жоспарланып отыр. Биыл екі елді мекенде жаңа мектеп ел игілігіне берілді.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу