Қарағандылық Прибтер отбасы өңір жұртшылығын ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық Прибтер отбасы өңір жұртшылығын ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр

11.12.2018

Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Қараой ауылында тұратын Прибтер отбасы өздері-ақ өңір жұртын ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұған дейін тек егін салып, мал өсіріп келген шаруа қожалығы, енді қаз өсіріп, көкөніс егуді қолға алды. Бұған қоса, құтыға қымыз жауып, түрлі сүт өнімдерін әзірлейді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Ресейдің Қорған қаласынан 1000 балапан әкелген Виктор Прибтің фермасындағы қаздың саны қазір 4 мыңға жеткен. «Диеталық етке сұраныс қашанда жоғары»,-дейді ол. Бір қаздан шамамен 7 мың теңге пайда түседі. Фермер енді құстың мамығын да кәдеге жаратпақшы. Ресейлік әріптестері сатып алуға ниет білдірген.  

Виктор Приб, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бір қаздан 200 грамм шығады. Мамығын ғана алады. 70 пайыз жеңілдік береді. Сонда 1200 теңге бір келіге береді. Келіп алып жатыр қазір.

Ал, әулеттің келіні Ирина Приб ауылшаруашылығын қолдау қорынан 6 миллион теңге несие алып, жылыжай салған. Осылайша, аудан халқын қиярмен қамтып отыр. Бүгінгі күнге дейін 2 тонна өнім алыпты. Бұған қоса, көктемде 5 мың түп көшет сатқан.

Ирина Приб, бағбан:

- Біз келешекте өнім көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қиярдың басқа түрін егіп көрмекпіз. Алдағы жылдары көкөністі тек ауданға ғана емес, өзге қалаларға да сатуға ниеттіміз.

Қазір шаруа қожалығының иелігінде мыңға жуық мал басы бар. Сол арқылы фермер қымыз ашытып, сүт өнімдерінің бірнеше түрін өндіріп отыр. Ал, қаз етін қаптап, мұздатып, сауда орындарына өздері жеткізіп береді.  

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу