Балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді

03.12.2018

Түркістан облысындағы Шардара ауданында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны артты. Биылдың өзінде олардың қатары тағы екі жасанды көлмен толықты. Мұндағы басты мақсат - аудандағы балық өңдеу зауыттарына шикізат жеткізіп беру. Өйткені, дайындаған өнімінің 80 пайызын алыс және жақын шетелдерге экспорттап отырған 4 кәсіпорын бүгінде шикізат тапшылығын сезіне бастады.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Мына су айданында ақ амур, сазан және жайын балығы өсіріліп жатыр. Олардың тіршілік етуі үшін кәсіпкер 30 гектар жерді тереңдете қазып, жасанды көл етті. Өзбекстаннан әкеліп, 30 мың шабақ жіберді. Әкелгенде салмағы небәрі 60 грамм ғана болған балық тұқымы қазір 3-4 келіге жетіп қалған. Кәсіпкердің келер жылы шетінен аулап, 60 тоннадай балық сатпақ жоспары бар.

Ерқанат Сәмбетов, кәсіпкер:

- Балыққа күтім қажет. Су тазару қажет. Дәрісін, қоспасын қосып тұру керек. Уақытылы жем беру керек. Күніне бір мезгіл жем бір сағатта берілуі керек.

Ал, мына суды шүпірлете жүзген африкалық жайын дейтін балық тұқымы. Жылан балық пен жайынды будандастырған. Аймақта бұрын-соңды өсірілмеген. Өзгелерден айырмасы - жылдам жетіледі. Тез салмақ қосады. Әзірге шабақтар жылыжай ішіндегі су толтырылған арнайы орындарда өсіріліп жатыр. Үлкейген соң, жасанды көлге жіберілмек.

Серік Егембердиев, кәсіпкер:

- Келген кезде 6 грамм еді. Қазір енді 1 келіге жетіп қалды. Шөп-жем жейді. Тағам талғамайды. Эксперимент ретінде әкелгенбіз. Енді көбейтеміз.

Балық өсіру үшін арнайы бөлінген Қызылқұм каналы бойындағы 500 гектар жерде қазір бұл шаруашылықтардан бөлек тағы бірнеше кәсіпкер осы іспен айналысып жатыр. «Шардара тұқымбағы» былтыр 2 миллион балық өсірді. Ал, ауылдық тұтыну кооперативі торлы шарбақтарда көбейтілген 133 тонна балық етін саудаға шығарды. Осының бәрін қоса есептегенде бүгінде Шардарада жылына 1 мың тонна ғана балық ауланады. Ал, зауыттардың шикізатқа деген сұранысы бұдан 3-4 есе көп.

Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі:

- «Бәйтерек» ЖШС жылына 600 тонна балық өңдейтін зауытты іске қоспақ. Жалпы, осы жоба іске асқан жағдайда, 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Балық өсіру шаруашылығының өркендеуі арқасында биыл 180-нен астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, жергілікті қазына кірісіндегі тамақ өнеркәсібінің үлесі 4 миллиардтан 6 миллиард теңгеге көбейген. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу