20 жылдан бері қой шаруашылығымен айналысқан қожалық иесі жерінен айырылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20 жылдан бері қой шаруашылығымен айналысқан қожалық иесі жерінен айырылып қалды

30.11.2018

Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы шаруа қожалығы қыс келгенде жерінен айырылып, шөпсіз қалды. «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша несиеге 100 саулық алған Таврия ауылының тұрғыны 4 жылда мал санын 5 есеге көбейтіп үлгерді. Шаруасын ширатып, отар-отар қой баққан қожалық иесі ойламаған жерден жайылымынан көз жазып, тарығып қалды. Мал жайып, қора салуға берген жерін билік қайтарып алған. 

Бірнеше жыл қой шаруашылығымен айналысып келе жатқан Валентин Мирошниченко соңғы 4-5 айдан бері соттың табалдырығын тоздырды. Мемлекеттік бағдарламамен 3 млн. теңгеге байыс тұқымды 100 қой сатып алып, малдың басын 600-ге жеткізді. Бірақ, биыл ғана жайылым үшін алған 50 гектар жерінен ойда жоқта айырылып қалды.

Валентин Мирошниченко, шаруа қожалығының басшысы:

- Мен Ұлан ауданы әкімдігінің Жер қатынастары бөліміне өтініш қана жаздым. Одан ары қарай құжаттар кезең-кезеңімен рәсімделді. Соңында жердің актісін алып, әділет органдарында тіркедім. Жерді уақытша пайдалануға алған едім.

«Шаруаны титықтатып жіберген бұл түйткіл екі адамның арасындағы текетірес. Сондықтан, мәселе сотта ғана шешілуі тиіс», - дейді ауылдық округ әкімі. Бірақ, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қой шаруашылығын дамытып жатқан жерлесімізді жерсіз қалдырмаймыз деп уәде етті.

Данияр Уахитов, Таврия ауылдық округінің әкімі:

- Пайдаланылмай жатқан жерлерді қазір Үкіметке қайтарып жатырмыз. Одан кейін, бос жерлер туралы газетке ресми хабарлама береміз. Олар барып, арыз жазады. Ауданның жер комиссиясы шешім шығарады.

Алайда, төзім таусылып, тауы шағылған шаруа бұл сөздерге сенгісі жоқ  Өйткені, бірінші рет жер алғанда дәл сол комиссия шешім шығарып, көп ұзамай оның күші жойылған.

Берік Көшербай, тілші:

- Шарасыз күйге түскен шаруа енді ала жаздай шапқан шөбін де үйіне жеткізе алмай отыр. Себебі, ауылдық округтегі билік өкілдері бұл жер қайтадан мемлекет қарамағанына өткенін алға тартып, барлығы 100 тоннаға жуық шөпті осы жерден шығаруға, әкетуге рұқсат бермей отыр.

Жермен қоса мая-мая шөбінен айырылған Валентин қойды әлі қырда жайып жүр. Асыл тұқымды малды аштан қырып алмас үшін тең жартысын таныстарына табыстаған. Көктемге дейін бағып берсе, төлін соларға қалдырмақ.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу