Көкшетауда жылу ақысы арзандайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда жылу ақысы арзандайды

27.11.2018

Көкшетауда жылу ақысы 1 желтоқсаннан бастап арзандайды. Жаңа тариф бойынша тұрғындар қазіргіден 37 пайызға кем төлейді. Баға прокуратура тексерісінен кейін өзгертіліп отыр. Жылу есептеуіш құрылғылары бар үйлер қазір 1 гигакалорий үшін 2101 теңге төлеп келсе, бұл тариф 1329 теңгеге кеміді. Ал, есептеуіш құрылғылары жоқтарға 4520 теңгеден 2858-ге төмендетілді.

Суды жылытуға төленетін ақы да арзандады. Енді ол 142 теңге болмақ. Қаладағы тариф заңды тұлғалар үшін де түсті. Бірақ, бұл баға бір жылға енгізіліп отыр. Сондықтан, келер жылы жылу ақысы тағы өзгеруі әбден мүмкін.  

Әсет Құрашев, Ақмола облысы Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары: 

- Заңды тұлғалар үшін де жылу ақысы шамамен 37 пайызға төмендемек. Жылу есептеуіш құрылғысын орнатқандар үшін 5244 теңгеден 3316-ға дейін, ал құрылғы жоқ болса, 9395 теңгеден 5941-ге арзандайды. Егер де тұрғындардың, кәсіпкерлердің жылу ақысын есептеу бойынша сұрақтары, арыз-шағымдары болса, бізге немесе қызмет көрсетуші мекемеге жүгіне алады.   

Ермек ЕЛБЕРГЕН

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу