«Шаңырақ» байқауында Ұлттық арна тілшілері жеңімпаз атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Шаңырақ» байқауында Ұлттық арна тілшілері жеңімпаз атанды

20.11.2018

Достық пен келісімді дәріптеген тілшілер қауымының еңбегі лайықты бағасын алды. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы жариялаған «Шаңырақ» дәстүрлі шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қатысқан топ ішінен оза шауып, бәйге алғандардың қатарында Ұлттық арнаның екі бірдей журналисі де бар.

Қазақстан - құшағы ыстық, құлашы кең байтақ ел. 130-дан астам ұлт достықта өмір сүруде. Бірлігі бекем, тірлігі берекелі этностардың бүгінгі тіршілігі мен болашақ арманы жайлы қалам тербеген журналистер қатары көп. Биылғы байқауға еліміздің барлық өңірінен 100-ден аса адам қатысып, олар 328 жұмыс ұсынған. Қазылар алқасы жеңімпаздарды іріктеу оңай болмағанын айтады.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әсер өте жақсы. Барлық авторлар Қазақстандағы бірліктің, ынтымақтың, ұлтаралық бірліктің, келісімнің мән-маңызын біледі. Оны нақты адамдардың тағдыры арқылы көрсеткен.

Қуаныш Қанатұлы сол жүздің арасынан суырылып шықты. Ұлттық арнаның Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі аймақтың тыныс-тіршілігін дүйім елге боямасыз жеткізіп жүрген тәжірибелі журналист. Оның қос Александр жайлы жасаған материалы еленіп, бірінші орынға лайықты деп танылды.

Қуаныш Қанатұлы, журналист:

- Журналистер өз материалын «мен байқауға қатысамын», деп жасамайды. Күнделікті жұмысымыз. Көрерменнің көңілін табу, оның жүрегін жаулау. Ол материалың бір мәселені шешіп жатса және ол жалғасын тауып жатса, біз сол үшін қуанамыз.

Ал, Астана қаласының 20 жылдығына орай тағайындалған арнайы жүлдені әріптесіміз Оңғар Алпысбайұлы еншіледі.

Оңғар Алпысбайұлы, журналист:

- Бұл материал Астананың 20 жылдығы қарсаңында әзірленген болатын. Арнайы конкурсқа деп дайындаған жоқпын. Дегенмен, осылай бағаланып жатқанына өте қуаныштымын. Астанамыз өркендей берсін, достығымыз арта берсін, қазақ журналистикасы қарыштап дами берсін.

Байқауда жалпы, 5 аталым бойынша үздіктер анықталды. Тілшілер қауымымен қатар, үздік блогерлер мен медиаторлар да «Шаңырақтың» арнайы жүлдесіне ие болды.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу