Мәскеуде ЕЭО елдері Ауыл шаруашылығы министрлерінің кеңесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде ЕЭО елдері Ауыл шаруашылығы министрлерінің кеңесі өтті

20.11.2018

Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық одақ елдері Ауыл шаруашылығы министрлері кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға қазақ делегациясын Үкімет басшысының орынбасары - еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бастап барды. Басқосуда тараптар агроөнеркәсіп кешеніндегі интеграциялық процестерді дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді пысықтады. Мәселен, енді Еуразиялық одақ аумағында қандай ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс бар, оны қандай бағаға сатуға болады деген мәселелерді реттейтін ортақ әдістеме әзірленеді. Ал, 5 елдің агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру үшін бірыңғай ақпараттық жүйені жаңадан құрмай-ақ, әр елдің озық үлгісі бір-біріне жақындастырылады. Бұл тұрғыда біздің еліміздің тәжірибесі ескеріледі. Жиын кезінде Қазақстан тарапы сонымен қатар, асыл тұқымды малдарға қойылатын талаптарды анықтау үшін ортақ ұстанымда болуға шақырды. Қазақ делегациясы бұдан бөлек, Еуропа елдерінен келетін гербицидтерге демпингке қарсы баж салығын енгізбес бұрын бұл қадамның осы салаға кері әсерін бағалауды ұсынды.   

Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

- Отырыста қаралған мәселелердің барлығында қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүддесі ескерілді. Тараптар агроөнеркәсіп кешеніндегі интеграциялық процестерді тек қана экономикалық прагматизм принциптерінің негізінде ары қарай тереңдететін болып келісті. Яғни, интеграцияны дамытуға арналған кез келген шешім бірінші кезекте Еуразиялық одақтағы барлық мемлекетке пайдалы болуы тиіс. Жиында біз айтқан ұсыныстар әріптестеріміз тарапынан қолдау тапты.

Мәскеудегі осы отырыстан соң Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева АҚШ-тан Қазақстанға әкелінетін құс етінің транзитін өз аумағынан өткізуге Ресей тарапы уақытша қойған шектеуге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, көрші елдің «Россельхознадзор» мекемесі өзінің бұл әрекетін негіздейтін құжаттарды Қазақстан тарапына жіберген жоқ. Енді екі елдің құзырлы органдары осы мәселені шешу үшін келесі аптада кеңесетін болып келісті.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу