Өскемендік 200-дей отбасы екі жыл бойы баспаналарын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендік 200-дей отбасы екі жыл бойы баспаналарын ала алмай жүр

19.11.2018

Олар «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша пәтер кезегіне тұрған. Тұрғын  үй жинақ банкімен келісімшарт жасап, ай сайын депозитке ақшаларын салса да, құрылыс  кешігіп жатыр.

Берік Көшербай, тілші:

Үйден үміткердің бірі  Назерке Тілеудинова үш баласымен пәтер жалдап жүрсе де, айма-ай депозитке ақша салуын ұмытпайды. Бірақ, құрылыс кешігіп, нысанды тапсыру мерзімі әлденеше рет кейінге шегерілді.

Назерке Тілеудинова, қала тұрғыны:

-Екі жыл болды біздің тосқанымызға, осы үйді. Бүгін біз кіруіміз керек болатын. Кілтті береміз деген қолымызға, бірақ ештеңе дайын емес.

 

Қанат Рахманов, Өскемен қаласының тұрғыны:

-Депозитке ақша төлеп отырмыз. Бізге үйді 2017 жылдың қыркүйек айында береміз деп уәде берді. Ол кезде құрылыс бітпей қалды да, 2018 жылғы наурыз айында кіресіздер деді. Ол уақыт та өтіп кетті, міне.

 

Мердігердің айтуынша, құрылыстың межелі мерзімде бітпеуіне жұмысшылардың тапшылығы себеп. Құрылысты үзбей жүргізу үшін дәл қазір кемінде 120 адам қажет. Ал, қазір олардың тек жартысы ғана жүр.

Ринат Дәуенов, құрылыс компаниясының бөлім басшысы:

-Бізде бәрі заңгер, экономисттің оқуын бітірген. Құрылысшылар жоқтың қасы. Жазда адамдардың көбі жеке секторда жұмыс істейді. Ал, қыста, осындай жылуы берілген үйдің ішінде жұмыс істеуге тырысады. Құрылысшылар енді-енді келіп жатыр. 

 

Тоғыз қабатты үйді салуға бюджеттен 1 миллиард 800 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ең алғашқы келісім шарт бойынша құрылыс былтыр аяқталуы тиіс болған. Бірақ, бас мердігер қалалық құрылыс бөлімімен қосымша келісім жасап, үйдің тапсырылу мерзімі тағы жыл соңына дейін ұзартылып отыр. 

Қайрат Танекенов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

-Егер осы жылы ол компания құрылыс жұмыстарын толық бітірмесе, онда біз келісімшартқа сәйкес шара қолданамыз.

 

Билік мердігерге қандай шара қолданса да, пәтер жағалап жүрген жұртқа  күтуден басқа амал жоқ. «Енді қалған бір айда құрылыс аяқталып, қоныс тойын тойлайтынымызға күмән көп», -дейді үй күтіп күйзелгендер.  

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу