Пәтеріңізде сіз білмейтін адамдар тіркеуде тұрса не істеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пәтеріңізде сіз білмейтін адамдар тіркеуде тұрса не істеу керек?

19.11.2018

Пәтеріңізде сіз білмейтін адамдар тіркеуде тұрса не істеу керек? Бұл сұраққа бүгін көші-қон комитетінің өкілдері жауап берді. Айтуларынша, аталған мәселеге көбіне жаңадан баспана сатып алғандар душар болады. Сол үшін алар алдында бұрынғы үй иесін тіркеуден шығару жағына мән берген дұрыс. Көші-қон саласын оңтайландыруға қатысты жиыннан Досымжан Ермұрат баяндайды.

Тек Астананың өзінде жүздеген  адам тіркелген 50 пәтер бар.  Ол үшін үй иелері жауапқа тартылмайды. Бірақ, келешекте кезігуі мүмкін қауіптің алдын алу мақсатында тіркеуден шығарған жөн. Оның оңай жолын көші-қон комитеті ұсынып отыр.

Галина Сәрсенова, ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:

Көші-қон қызметі электрондық азаматтарға арналған үкімет корпорациясымен бірігіп, азаматтарды тіркеуден алып тастай алады. Егер пәтер иесі ХҚКО-на барғысы келмесе, онда арызын учаскелік полицейге беруіне болады. Ал ол арызды көші-қон қызметіне тапсырады. Бізде қандай мекен жайда қанша адам тіркелгені туралы мәлімет бар. Арыз болған жағдайда тіркеуден шығарып тастай аламыз.

Тағы бір жаңалық. Келесі жылдан бастап елімізге уақытша келген шетелдіктер жеке сәйкестендіру нөмірін бір сағаттың ішінде рәсімдей алады. Бұған дейін бұл қызмет түрін алуға 5 күн жұмсалатын. Құжат оларға бизнес жүргізуге, келісімшарт жасау мен салық төлеуге қажет. Сондай-ақ, шекара асатын ата-ана жаңа жылдан бастап, кәмелетке толмаған баласы үшін паспорт алуға міндетті.

Ырысбек Исаев, ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:

Ата-аналар балаларымен шыққан кезде паспорттарына балаларының фотосуретін жабыстырады. Бірнеше уақыт өткеннен кейін ол бала суретіне сәйкес келмей жатады. Бұл біріншіден. Екіншіден қазір көп ел осындай жабыстыруларды қабылдамайды. Шекарадан қайтарып жібереді. Сондай болмас үшін келесі жылдан бастап әрбір бала паспорт алатын болады.

Сонымен қатар, келер жылдан бастап босқынның жол жүру куәлігін рәсімдеу халыққа қызмет көрсету орталықтарына беріледі. Бұл құжаттарды беру мерзімін барынша қысқартпақ. Аталған шаралар көші-қон қызметін оңтайландыру мақсатында жасалып жатыр.

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу