Энергетика министрінің орынбасары Анатолий Шкарупа екі айға қамауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетика министрінің орынбасары Анатолий Шкарупа екі айға қамауға алынды

19.11.2018

Энергетика министрінің орынбасары Анатолий Шкарупа екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты мәлімдеді. Анатолий Шкарупа - осымен бір жылда қамауға алынған Қанат Бозымбаевтың үшінші орынбасары.

Мына кадрлер Шкарупаның вице-министр ретінде соңғы рет өткізген брифингінен алынып отыр. Орынбасарының ұсталғанын Бозымбаев та растап отыр. Энергетика министрі оның өткен аптада жұмыстан кету туралы өтініш жазғанын жеткізді.

Айта кетейік, алдымен көктемде экс вице-министр Ғани Садыбеков қамауға алынды. Ал маусымда тағы бір орынбасар Бақытжан Жақсалиев ұсталған еді. Анатолий Шкарупа осы екінші вице-министрдің орнына келген болатын. Орынбасарлықтың орны жайсыз болды ма, енді, міне, үшіншісі де тергеліп жатыр. Бас прокурор Қайрат Қожамжаров қарашаның 7-сі елбасының қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінде Анатолий Шкарупа «Саран қаласына бөлінген 215 млн. теңгенің жымқырылуына қатысы бар» деп мәлімдеген еді. 

Ботагөз Баянова, Астана Қ. сотының баспасөз хатшысы:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Шкарупа Анатолий Валеривичке қатысты тергеу органының өтінішін қарастырып, екі ай мерзімге, яғни 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Айыпқа қатысты мәлімет берілмейді. Себебі ҚК-ң 201-бабына сәйкес тергеу әрекеттерін жүргізу барысында деректер, қандай да бір мәліметтер жарияланбайды.  

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу