Ақмола облысының Макинск ауылында ауласын ерекше безендірген отбасы тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Макинск ауылында ауласын ерекше безендірген отбасы тұрады

16.11.2018

Ақмола облысының Макинск қаласында өзге үйлерден ерек көз тартатын баспана бар. Ол сыртқы келбетімен айрықша. Үй иелері Гущенко отбасы қолда бар түрлі заттарды қолданып, сан алуан мүсіндер жасаған. Ұшқыр қиялдан туған дүниелердің бәрін аулаға жайғастырып қойған.

Ермек Елберген, тілші:

Макинск қаласындағы ерекше безендірілген үй осы. Мұнда жануарлардың, құстардың, неше түрлі бейнелер кескінделген. Негізгі материалы автомобиль шиналар немесе пластик бөтелкелер. Ағаштан жасалған мүсіндер де бар. Бүгін біз осы туындыларды жасаған отбасымен таныспақпыз. 

Бұл үйдің 2 жыл бұрын өзгелерден еш айырмашылығы болмайтын. Әрі тап осы аудандағы баспаналардың көбі ескі. Ал, Юрий мен Наталья үйлерін ерекше безендіргілері келді.

Юрий Гущенко, Макинск қаласының тұрғыны:

- Мен жүк тасумен айналысамын. Талай елді мекенде болудың сәті түсті. Сонда өз күшімен-ақ әп-әдемі етіп безендірілген үйлерді көрдім. Неге маған да осылай жасамасқа деген ой келді. Әйеліммен ақылдасып, алғашқы мүсінді жасап көрдік. Жақсы шыққан сияқты. Кейін тағы біреуін қолға алдық. Осылай біртіндіп хоббиге айналып кетті.

Ата-анасының жаңа әуестігі балаларын да қызықтырмай қоймады. Қолдары қалт етіп босай қалса, мүсін кескіндеуге кірісетінді шығарды. Кейде тіпті, үй шаруасын да ысырып қойып, шығармашылықпен айналысуға асығатын көрінеді.

Наталья Гущенко, Макинск қаласының тұрғыны:

- Уақыт көп кетіп қалады, әрине. Мысалы, қырғауылды жасау үшін 2 апта жұмсадық. Бұл ең ұзақ дайындалған туынды болды. Бір мүсінді бастаған соң аяқтауға асығамыз. Жұмыстың нәтижесін көрудің өзі ерекше ләззат сыйлайды. Барлығын өзіміз үшін, көңіліміз үшін жасаймыз.

Мүсіндердің пайда болу тарихы сан түрлі. Біріне фильм, біріне ертегі, ал, біріне ұшқыр қиял себеп. Көшедегі ерекше безендірілген үйге  тұрғындар да тамсана қарайды. Ал, балалар болса, осы үйдің ауласында ойнауға құмар.

Марина, Макинск қаласының тұрғыны:

- Әдемі, әрине. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді ғой. Юрий мен Натальяның үйі көшемізге ерекше көрік беріп тұр. Кейде үйімізге келетін адамдарға мекенжайды түсіндіру үшін осындай үйдің жанында деп айтамыз. Менің ойымша, тәрбиелік мәні де бар. Басқаларымыз қарап, үлгі аламыз. Егер барлығы өз аулаларын осылай ұстаса, ғажайып әлемде өмір сүріп жатқандай болар едік. 

Әсемдікке құштар Гущенко отбасы бұл хоббиді тастамақ емес. Қазір ойда жүрген бірнеше мүсін бар. Көп ұзамай аулада қыран құс пен тұлпар пайда болуы мүмкін.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу