Маңғыстаулық оқушылар кәсіп ашып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаулық оқушылар кәсіп ашып жатыр

16.11.2018

Маңғыстаулық оқушылар кәсіп ашып жатыр. Бірі ұлттық өнерді дәріптеу арқылы табыс тапса, енді бірі балалар мерекесін өткізеді. Ал, үшінші оқушы тауық өсіріп, жұмыртқа сатады. Олар күнделікті сабақпен қоса, өз ісін жүргізуді үйренген. Бұл - «Кәсіпкер боламын» жобасының нәтижесі. Пилоттық бастаманың аясында өңірде барлығы 365 оқушы тәлім алды.

Биыл қаңтарда басталған «Кәсіпкер боламын» жобасына өңірдегі 12 мектептің 10-сынып оқушылары таңдалып алынды. Барлығы 365 балаға 85 тренер дәріс оқыды. Кәсіпкерлікке қызығушылығы жоғары 150 оқушы білімін одан әрі бизнес-лагерьде жалғастырды. Онда олар «Кәсіпкер боламын» ойыны арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Тауар сатудың әдіс-тәсілдерін түсінді. Жоба жасақтауды үйренді. Нәтижесінде 20-дан астам жоба сайысқа түсті. 

Айгерім Бекова, «Кәсіпкер боламын» жобасының үйлестірушісі:

- Бұл жоба Маңғыстау облысында 5 ай жүрді. Басты мақсаты - жоғары сынып оқушылары арасында бизнес негіздерін оқытып, кәсіпкерлік сана-сезімдерін дамыту. Жақсы нәтиже берді. Біз таңдаған жобалар балалар өз күштерімен алып жүретін, яғни, қазіргі таңда жүргізе алатын жобалар болғандықтан, біз осы үшеуін үздік деп таптық.

Үздік 3 гранттың бірін Айгүлім Сұлтанмұрат жеңіп алды. Ол құрбыларымен бірге тері мен жүннен картина жасайды. Моншақтардан түрлі бұйымдар әзірлейді. Қолдан жасалған туындыларды әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, 140 мың теңге табыс түсірді. Жас кәсіпкер грантқа берілген 150 мың теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алды.

Айгүлім Сұлтанмұрат, кәсіпкер:

- Дәл осындай картинаны біз 100 мың теңгеге саттық. Біздің мақсатымыз да осы болатын. Ұлттық өнерді қастерлеп, киізді декоративті бағытта қолданып, заман талабына сай етіп, табыс көзіне айналдыру.

Балалармен тез тіл табысқыш Виолетта Фукс те арманына қол жеткізді. Аниматорлық қызметті жетілдіргісі келген ол бизнес лагерьде балалар мерекесіне арналған жобаның грантына ие болды.

Виолетта Фукс, кәсіпкер:

- Аниматорлар, музыкант пен фотосуретші барлығы 8 адам болып жұмыс істейміз. Балалардың көңілін көтеріп, мерекені қызықты етіп ұйымдастырамыз. Шілде айынан бастап тапсырыс көбейді. Маған кәсіпкер болуды, командамен жұмыс істеуді үйреткен мамандарға алғысым шексіз.

«Әл-Фараби» бизнес академиясы аталған жобаны келесі жылы да жалғастыруды көздейді. Тек енді облыс мектептерін толық қамту үшін бизнес-тренерлердің санын арттырмақ.

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу