Елімізде келесі жылдан бастап дизель отыны арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде келесі жылдан бастап дизель отыны арзандауы мүмкін

15.11.2018

Баға мәселесіне қатысты кеңесте Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деді. Айтуынша, 1 қарашадан бастап дизель отынының акциздік құны едәуір төмендеген. Сондықтан, жанармай сатушы компаниялар да дизель бағасын арзандатуы керек. Алайда, ведомство басшысы «құнның төмендеуі отын тапшылығын тудыруы мүмкін», – деді. Өйткені, келесі жылдан бастап іргелес Ресейде дизель, керісінше, қымбаттайтын көрінеді. Мұны біздегі пысықай компаниялар ұтымды пайдаланып, аталған мұнай өнімдерін сол жаққа жаппай тасымалдауы мүмкін. Мұндай келеңсіздік қазірдің өзінде қылаң беруде. Кесірінен біздегі қордың сарқылып қалуы ғажап емес. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Ресеймен шекаралас өңірлерде тұтыну көлемі күрт артты. Бүгінгі күні 3 млн. адам тұратын Түркістан облысы мен Шымкентке қарағанда, 800 мыңдай адамы бар Батыс Қазақстан не болмаса Қостанай облыстарында соңғы уақытта тұтынылатын жанармай көлемі бірнеше есе көп болып отыр. Бұл дизель отыны мен бензин Ресейге кетіп жатыр дегенді білдіреді. Шекарамыздың үлкен екендігі, кеденнің жоқтығы белгілі. Дегенмен, бұл фактілерді Премьер-Министрге жеткіздім. Ол орынбасары Досаевқа тапсырма берді. Бұл мәселе үкіметаралық деңгейде шешілуі керек. Егер біздегі қор сарқыла бастаса, онда баға қайтадан күрт қымбаттап кетуі мүмкін.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу