ШҚО-да ауа райы -34 градусқа жетіп, мектептерде сабақ тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да ауа райы -34 градусқа жетіп, мектептерде сабақ тоқтатылды

13.11.2018

Шығысты шыңылтыр аяз қысты. Салдарынан өңірдің бірқатар аудандарында бүгін сабақ доғарылды. Ал, Риддер қаласы мен Шемонайха ауданында бастауыш сынып оқушылары осымен екінші күн қатарынан мектепке бармады. Бірақ, сақылдаған сары аязда Ертістің мұздай суына сүңгіп, қарда жалаң аяқ жүргендер де бар.

Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты өңірдің бірнеше ауданында сабақ доғарылды. Мәселен, өткен түнде Алтай ауданында сынап бағанасы 34-қа дейін, Көкпекті ауданында 27 градусқа дейін суытты.

Динара Жиымбаева, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының инженер-синоптигі:

- Облыс аумағында ауа температурасының төмендеуіне Ресейдің солтүстік аймағынан келген антициклон әсер етті. Алдағы 2 күнде шығыс Қазақстанның басым бөлігінде 23-28 градус аяз болады. Кейбір жерлерде 13-18 градус аяз болады.

Аяз қысып еді, машинасын от алдыра алмай әуре болғандар да көбейді. Қатып қалған көлігін   жылытып беріп, от алдыруды табыс көзіне айналдырған пысықайлар үшін бұл оңтайлы сәт. Бұл күндері бірден аккумулятордың саудасы қыза түсті. 

Бекболат Абаев, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Бір-екі сағат сайын 10-15 минуттай от алтырдып қоямын. Тәңертең жұмысқа барғанға жақсы. Содан кейін, аяздарда аккумулятор мықты болу керек.

Күн суытқанға қуанғандар да бар. «Мұзды су – тәнді ғана емес, жанды да сергітеді», - дейді әбден шыныққан шығыстың морждары. 

Владимир Лылов, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Біздің клубтағы адамдардың көбі зейнеткерлер. Аптасына екі рет, сенбі және жексенбіде бас қосамыз. Сонымен қатар, Жаңа жылды, Наурыз айындағы мерекелерді осы жерде өткіземіз. Жалпы, мейрам кезінде мұнда қала тұрғындары, әртүрлі ұлт өкілдері өте көп жиналады. Бәріміз бірге Ертіске шомыламыз.

Былтыр өңірдің кей аймақтарында ауа температурасы 45 градусқа дейін төмендеп, мектеп оқушылары үшін әлсін-әлсін сабақ тоқтатылды. Мамандардың болжамы бойынша, алғашқы аяз  екі күннен кейін басылғанымен, шығыста биыл да қыс қытымыр болатын сыңайлы.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу