Көптің көңілінен шыққан «IKomek» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көптің көңілінен шыққан «IKomek»

13.11.2018

Астана 2050 жылға дейін адам өмір сүруге қолайлы 10 қаланың қатарына қосылуға мүдделі. Оның критерийлері: адам құқығының аяқ асты болмауы, тұрғындар үшін әлеуметтік қызметтің қолжетімділігі, таза ауа, таза су секілді тақырыптарды қамтиды. Елбасы биылғы Жолдауында осы мәселеге мән беріп, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуды тапсырған. Бұл бағытта елордада іске асырылған жобалар аз емес. Соның бірі - «iKomek» бірыңғай қызметі.

Өтініш қабылдау, коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру бұл «iKomek» орталығы атқаратын қызметтің бір парасы ғана. Орталыққа 10 айда 750 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның 77 пайызы оң шешіліпті. Тұрғындардан түсетін арыз-шағымдардың дені көшелерді су басуы, жолдардың сапасы, лифт жұмысы, құдық қақпақтарының ұрлығы, қаңғыбас иттерді аулауға қатысты екен.

Сая Сақтапбергенова, «IKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығының интеллектуалдық байланыс қызметінің директоры:

- Халық бұрын әр кабинетке, әр мекенжайға барып жүрсе, қазір бір нөмірге хабарласады, не әлеуметтік желіге жазады.

Аптасына 7 күн, 24 сағат қоңырау қабылдайтын операторлар «iKomek» орталығының құлағы болса, бұл жер қаланы бақылайтын «жанар» іспеттес. Қаладағы 6 мың камера осы мамандарға бағынады. Операторлар аулада тазаланбай жатқан қар, жөн-жосықсыз төгілетін қоқыс үйінділері туралы ақпаратты күнделікті құзырлы органдарға жөнелтіп отырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де басты назарда.

Жанар Әбдібекова, «IKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығының маманы:

- Бір аялдамадан автобустың жедел өз орнына келуін жүзеге асырдық.

Орталық әкімдіктің 17 басқармасы мен қаладағы 91 коммуналдық қызмет түрін бір жерге тоғыстырып отыр. 109 нөміріне хабарласқан адам өзін мазалаған сұраққа жауап алып қана қоймай, мәселенің оң шешілуін талап ете алады.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу