Атырауда заңсыз жолмен балық аулаушылар азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда заңсыз жолмен балық аулаушылар азаймай тұр

13.11.2018

Соңғы 10 айда екі мыңға жуық заң бұзу деректері тіркеліп, оның 301-і әкімшілік сотқа жолданған. Нәтижесінде, 19 млн. теңгеге жуық қаржы қазынаға қайтарылды. Ал, аймақтың балық қорғаушылары браконьерге қарсы күресті күшейту мақсатында кешенді жоспар жасақтады.

Өзен арналарын күнделікті тексерген мамандар 2000 мыңға жуық ау тапқан. Басым бөлігі Қытайда жасалған құралдар. Табиғат қорғаушылар «тәркіленген аулардың қоршаған ортаға залалы орасан», - дейді.

Бауыржан Мақымов, Атырау облыстық Дамбы инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- Мұның жасалған материалдары полипропилен. Бұл 50 жылға дейін ірімей-шірімей жата береді. Бұған түскен балық пен су жәндіктерінің құтылып кетуге ешқандай шарасы жоқ.

Бекітілген заңдылыққа сай, ау құралдары арнайы жіппен тоқылуы шарт. Ол су түбінде қалған жағдайда шіріп, кейін, биоқалдыққа айналуы керек. 

Жандос Темірғалиев, тілші:

Күзгі кәсіпшілік балық аулау ережесіне сәйкес, аудың көзі 48-55 мм болу керек. Мінекей, қазір өлшеп көреміз. Аудың көзі 48 мм. Яғни, бұл талапқа сай.

Амангелді Ақтанов, Атырау облыстық Дамбы инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- Уақ балықтар аудан өтіп, ары қарай болашағы болуы керек. Тар болатын болса, балықтың болашағы болмайды.

Жыл басынан бері тәртіп бұзушылардан 18 тонна балық тәркіленген. Бұл көрсеткішті азайту мақсатында табиғат қорғаушылар күнделікті алдын алу шараларын өткізуде. Нәтижесінде 8 браконьер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 300-ге жуық су көлігі анықталды.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу