Астанадағы жетімдер үйінің түлектеріне берілген үйдің сапасы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы жетімдер үйінің түлектеріне берілген үйдің сапасы сын көтермейді

12.11.2018

Астанадағы жетімдер үйінің түлектеріне берілген баспананың сапасы сын көтермейді. Шатырдан аққан су тұрғындардың берекесін қашырған. Үйді салған мердігер компания үшты-күйлі жоқ. Пәтер иелерінің кооперативі де төбе көрсетпей жатып, жиі ауысып кетеді екен.

Бұл кадрлар осыдан бір апта бұрын ғана түсірілген. Жауын-шашын жауса болды, тұрғындардан береке қашады.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

- Елорданың қақ ортасында тұрса да, бұл үйдің тұрғындары үшін күнделікті қарапайым қажеттіліктердің өзі қолжетімсіз. Жарықты толық пайдалана алмай отыр. Асханада ас дайындалмайды, тұрмыстық техникалар да қолданылмағалы қашан. Себебі, дымқылдан мына электр сымдары тұйықталып, тұрғындарды тоқ соғу қаупі жоғары.

Көпқабатты үйдің үстіңгі қабаты осыдан 3 жыл бұрын жетімдер үйінің түлектеріне берілген. Алайда, олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Жаңа баспананың сапасы 3 айдан соң сыр бере бастаған. Үй жабындысы жөнді жабылмай, шатырдан аққан су ішке кіріп, пәтерлерді бүлдіріп жатыр. Сумен алысып әлекке түскен тұрғындар мәселені айтып шағымданбаған жерлері жоқ. Алайда, олардың айқайына ешкім құлақ асар емес.    

Айнұр Маханова, балалар қалашығының тәрбиешісі:

- Тоқ ұрады ма, өртеніп кете ме деп қорқып отырмыз. Төбеден қалай ағып тұрғанын қараңыздар.

«Үйді тұрғызған компания басшысы сотталып кеткен», - дейді тұрғындар. ПИК те тұрақсыз, жақында келген жаңасы төбедегі жабындыны келер жылы толық жөндейміз деп кезекті уәдесін берген.  

Сембай Молдашев, ПИК қызметкері:

- Жеке қаражат жинау керек. КСК жалғыз өзі шеше алмайды. Биыл үлгермедік. Қыс басталып кетті. Келесі жылы істейміз.

Шатырды жөндеуге 12 млн. теңге қажет екен. Бұл жұмыстар тұрғындар есебінен жүргізілмек. Жетімдер үйінің түлектері үшін мұндай қомақты қаржыны жинау мүмкін емес.     

Демек, 3 жылдан бері түйіні тарқалмаған мәселенің әлі де шешімі табылар емес. 

 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу