Шығыс Қазақстан облысы Қытай еліне құрамында алтын бар концентратты экспорттай бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысы Қытай еліне құрамында алтын бар концентратты экспорттай бастады

08.11.2018

«Бақыршық» кен орнына осыдан 4 жыл бұрын ресейлік инвесторлар келіп, содан бері жұмыс қарқын алған.

Геологиялық барлау кезінде «Бақыршық» және «Большевик» кен орындарында 30 миллион тоннадан астам кен жатқаны анықталды. Бұл жердегі бір тонна кеннен 7,7 грамм алтын алуға болады. Биыл фабрика салынып, соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталды.

Сұңғат Ыбыраев, фабриканың ауысым шебері:

- Фабрика толық жаңа технологияға негізделген. Барлық құрылғыны компьютер арқылы басқарамыз. Кеннің конвейерге түскенінен бастап, дайын өнім болып шыққанға дейін автоматты басқарылады. Әрине, қолмен атқарылатын жұмыстар бар. Дегенмен, негізгі жұмыс автоматқа көшірілген.

Фабрика концентраттың екі түрін өндіреді. Құрамында көміртегі өте аз түрі терең өңдеуге Ресейге жіберіледі, ал, көміртегісі көп концентрат Қытайға экспортталады. Бүгінге дейін бұл елге 20 мың тонна, Ресейге 1 мың тонна өнім жөнелтілген.

Надир Галимов, кен байыту фабрикасының директоры:

- Фабриканы біз өте қысқа мерзімде іске қостық. Бұл әрине, қазылған кенді тез өңдеуге де септігін тигізіп отыр.

Кәсіпорында жыл санап жас мамандар саны да артып келеді. Бүгінде өңірдегі жоғарғы оқу орындарында 27 студент кәсіпорын есебінен оқып жатыр. Олар диплом алған соң осы кеніште істемек. Қазір фабрикада жалпы 1 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Дәулет Бекәлиев, бас механиктің орынбасары:

- Біз фабриканы қосқан кезде барынша жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартуға тырыстық. Шығыс Қазақстан облысы жұмысшылары пайыз есебінде 40 процентті құрайды.

«Бақыршық» кеніші алғашқы он жылда ашық әдіспен игеріледі. Осылайша, жылына 10 тонна алтын концентраты алынбақ. Ал, одан кейінгі жылдары кен қазу жұмыстары шахталық әдіске көшіріледі. Бұл кезде жылына сегіз тонна алтын қазу жоспарланған.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу