Алматыда тұрғындар коммуналдық қызметке 6 млрд. теңге артық төлеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тұрғындар коммуналдық қызметке 6 млрд. теңге артық төлеген

08.11.2018

Алматының коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындары да Астанадағы әріптестерінен қалыс қалмай, тұрғындардан 6 млрд. теңге артық қаржы жинап алған. Қаладағы жарық, су, газ және жылуға жауапты компаниялар тариф құнын негізсіз өсіріп, тұрғындарды шығынға батырған. Құйтырқы әрекеттерімен миллиондаған отбасыны алдап, көлденең табыс тапқан монополистер салықтан жалтарып тұтынушылардан түскен қаржыны қалталарына басқан.

Коммуналдық қызмет тарифінің жыл сайын өсуі алматылықтардың тынышын алған. Солардың бірі Майра Ахметқызы. Оның монополистерге өкпесі қара қазандай. Өйткені, алған зейнетақысының жартысынан көбі коммуналдық қызметке кетеді. Одан қалған ақшасын не тамаққа, не дәрі-дәрмекке жеткізе алмай, әбден қиналып жүр. 

Майра Ахметқызы, зейнеткер:

- Бізде тариф тоқтамай өсіп жатыр. Бұл мәселемен қайда арыздансақ та, ешқандай нәтиже жоқ. 2012 жылы ыстық судың текше метріне 279 теңге төлесек, биыл бір текше метрі 411 теңгеге көтерілді.

Тұрғындардың сөзіне сеніп, жауапты мекемелер таратқан сан айғаққа сүйенсек, Алматыда тариф жыл сайын қымбаттайды. Алайда, тариф құны бірде-бір рет төмендемеген. Қызмет сапасы да мәз емес.

Ал, прокурорлар енді жүгенсіз кеткен монополистердің әрбір қадамын бақылап отырмақ. Тариф құнының негізсіз өсуі болмау үшін тексерістерді көбейтпекші. 

Роллан Яғмұсов, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:

- «АлматыЭнергоСбыт», «Алатау Жарық» компаниясы, «Алматы су», «ҚазТрансГаз Аймақ», және «Алматы жылу жүйесі» монополистік мекемелері өз шығындарын заңсыз түрде ұлғайтып, сол арқылы тұтынушылардан заңсыз ақша алғаны анықталды. 

Прокурорлардың тексерісі барысында «АлматыЭнергоСбыт» 1,1 млрд, «Алатау Жарық» компаниясы 2,1 млрд, «ҚазТрансГазАймақ» 1,3 млрд, «Алматы жылу желілері» 1,1 млрд теңгені тұтынушылардан артық жинағанын мойындаған. Сондықтан, прокурорлар халықтан негізсіз алынған артық ақшаны тұтынушылардың өздеріне қайтарып беруді міндеттеген. 

Тұрғындар жарыққа ақшаны артық төлегенімен, жарыққа жарымай отыр. Көпқабатты үйдің дәліздеріне жарық қосылмаған. Сондықтан, олар күндіз түртінектеп, түнде амалсыз қол шамын ұстап жүруге мәжбүр. Енді тарифті негізсіз өсірген монополистер тұтынушыларға артық жиналған қаржыны қайтарып бермек.

Борис Бобенцев, «Алатау Жарық» компаниясының Жарықпен қамту бөлімінің басшысы:

- Төтенше жағдайлар комитеті желілерді апатты деп тапқандықтан, сол кемшіліктерді жою үшін тарифті 20 тиынға көтердік. Электр қуатының ауқымы көп болғандықтан, жиналған қаржы 2 млрд. теңгеден асып кеткен. Енді бұл қаржыны тұтынушыларға міндетті түрде қайтарамыз.

Елбасы кеше Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің жиынында тарифтерді тым қымбаттатып, халықтың қалтасын қаққандар қатаң жазаланатынын ескертті. Сондықтан, енді монополистер есін жинап, тарифтердің бағасын қайта қарап тұтынушылардың қаржысын амалсыз қайтаруға кіріскен.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу