Петропавл 15-ші Шекаралық ынтымақтастық форумына қызу дайындық үстінде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавл 15-ші Шекаралық ынтымақтастық форумына қызу дайындық үстінде

07.11.2018

Форум қарсаңындағы дүрбелең. Петропавл 15-ші Шекаралық ынтымақтастық форумына қызу дайындық үстінде. Алқалы жиынға санаулы күн қалды. Оған 2 мыңнан астам адам қатысады. 

Ауқымды шараға әзірлікті шаһардағы қоғамдық қызмет көрсету мекемелері әлдеқашан бастап кеткен. Қаладағы 15 қонақүй мен 7 пәтер бюросы күндіз-түні тапсырыс қабылдап, тынбай жұмыс істеуде. Бұл мейманханаларға 1000-ға тарта адамды орналастыруға болады. Бірақ, соның өзі жетпей қала ма деген қауіп те жоқ емес. Өйткені, делегаттар саны 2 мыңнан асады.

Юлия Жевнодей, қонақ үй менеджері:

- Біздің қонақүйде 70 бөлме бар. Сенбіден бастап форум қонақтары келе бастады. Қазірдің өзінде 35 бөлмеге орналастырылды.

Форум алдында қаланың жалпы келбетінен оң өзгеріс байқалады. Осы күнге дейін сұрқай тартқан ондаған көше тегістеліп, абаттандырылды. Бұл жұмыстарға бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды. 

Наталья Бондаренко, қала тұрғыны:

- Шаһарымызда әдемі Оқушылар сарайы бой көтерді. Маңайына теннис орталығы мен тұрғын үйлер салынуда. «Жас өркен» ауданы адам танымастай кейіпке енуде. Мен оң өзгерістердің болып жатқанына қуаныштымын. Алдағы уақытта өңіраралық форум нәтижесін беріп, облысымызда туризм саласы қарыштап дамиды деген үміттемін.

Қатар қонған қос мемлекеттің форумнан ұтары көп.   

Дәурен Жандарбек, облыс әкімінің орынбасары:

- Әр өңір өзінің туристік потенциалын көрсетуге мүмкіндік алады. Яғни, форумның тақырыбына сай еліміздегі көрікті жерлер мен тарихи нысандармен танысуға мүмкіндік беріледі. Бұл шара еліміздегі туристік саланың дамуына оң әсер ететініне сенімідімін.

Әсіресе, теріскей өңірі туристік әлеуетін арттыра түседі деген сенім мол. Осы уақытқа дейін көзден таса қалған Шалқар көлі мен Имантау туристік аймағын дамыту көзделіп отыр. 

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу