Астанада жыл басынан бері 160-қа жуық балаға ұсақ зат жұтып қойғандары үшін операция жасалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жыл басынан бері 160-қа жуық балаға ұсақ зат жұтып қойғандары үшін операция жасалған

07.11.2018

Тиын-тебен, әшекей бұйымдарыңызды бүлдіршіндердің қолы жетпейтін жерге қойыңыз. Әдетте біз бұл жағдайға көп мән бермейміз. Балғындарымызға ойнасын деп қолына беріп қоямыз. Алайда, сол заттарыңыз баланың асқазанынан бір-ақ шығуы мүмкін. Шығып та жатыр.

Жыл басынан бері №2 балалар ауруханасында 160-қа жуық балаға операция жасалыпты. Барлығы да осындай ұсақ-түйек заттарды жұтып қойғандар. Дәрігерлердің айтуынша, көбіне еңбектей бастаған сәбилерден бастап 10-жасқа дейінгі балғындар түседі. Олар әсіресе, тиындарға құмар екен. Анасының сырға-сақинасы, моншағын ауызға салып жібереді. Ең қауіптісі батарея. Ол тотығып, өзінен қышқыл зат бөледі. Одан адам өліп кетуі де мүмкін. Абырой болғанда бұл ауруханада қайғылы жағдай болмапты.    

Марат Қанапиев, эндоскопист:

- Қауіпті заттардың бірі үшкір заттар. Ол баланың ішкі ағзасына қадалып қалуы мүмкін. Операция кезінде өте тиянақты болу керек. Баланың ішкі ағзасының тереңдеу жеріне түскен кезде алу өте қиын болды.

Мұндай қиын операциялардан кейін науқас ауруханада бір айдай жатады. Себебі, ішке түскен зат кейбір ағзаларды жарақаттап кетеді. Ал, кейбіреуі, яғни, тиын, моншақ жұтқандар аяққа тез тұрады.

Біржан Досмайылов, №2 балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Бір жағдай болды, бала «Киндердің» ішіндегі тасбақаны жұтып қойған.

Дәрігерлердің айтуынша, балалардың ұсақ заттарды жұтып қою оқиғалары көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Сол себепті, ата-аналарға барынша балаларына сақ болуларын сұрайды.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу