Ұлттық арна тілшісі Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтармен кездесіп  қайтты

06.11.2018

Оңтүстік Кореяда миграциялық дағдарыс болуы мүмкін. Себебі, бұл елдегі заңсыз мигранттар саны 330 мыңға жеткен. Олардың ішінде Тайланд пен Қытай, Филиппин мен Моңғолия, Ресей мен Өзбекстан азаматтары да бар. Визасыз режим енгізілген соң бұл тізімге қазақстандықтар да кіре бастады. Мысалы, 4 жыл бұрын Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар саны небәрі 350 адам болса, биыл тек тоғыз айда қазақстандық мигранттар саны 12 мыңға жеткен. Олар түрлі тағдырмен Қазақстанды Кореяға алмастырған отандастарымыз. Бұл мәселе ақпарат құралдарында соңғы кездері көп айтылып, көп жазылып жүр. Алайда, мың рет естігеннен бір рет көрген артық. Тілші Дулат Абибуллаев Кореяға арнайы барып, қазақстандық мигранттармен кездесіп қайтты. Жат елде жүргендердің ортақ проблемасы мен миграция мәселесіндегі Корея билігінің ұстанымы қандай?

Дулат Абибуллаев, тілші:

- Сеулдің Инчхон әуежайы әлемдегі ең үлкен әуе айлақтарының бірі. Мұнда әрбір 3 минут сайын бір ұшақ келіп қонады. Қазақстан мен Корея арасында аптасына алты әуе рейсі қатынайды.  Қазақстаннна келген әрбір рейстің ішінен кемінде он адам елге кіре алмай кері қайтады. Себебі,  олар шекарашыларға не мақсатпен кімге және не үшін келгенін айтып түсіндіре алмайды. Жасыратыны жоқ, олардың көбісі бұл елге заңсыз жұмыс істеуге келген отандастарымыз.

Әлемде астана деген мағына беретін екі қала атауы бар. Бірі біздің елорда, екіншісі Сеул. Халық ең тығыз орналасқан қала. Корей экономикасы даму қарқыны бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Өндіріс пен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен технология, медицина мен білім беру, туриз мен жүк тасымалы салалары қатты дамыған. Қайнаған тіршілік қара жұмысты қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да болар, бұл елге алыс-жақын шет елдерден күнкөріс қамымен келетіндер көп.  Көзбен көргенімізді айтсақ, қазақстандық мигранттың бейнесі мынадай: Кореяда заңсыз жүргеніне 6 айдан 2 жылға дейін болған. Отбасын құрмаған, бойдақ. Заңсыз жүрген 12 мың қазақстандықтың 50 пайызы 20 - 29-жаста. Қалған 36 пайызы 30 бен 39 жастағы қазақстандықтар. Олардың көбі Түркістан, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда облыстарының және Шымкент пен Алматы қаласының тумалары. Әрқайсысынаа кем дегенде уақытылы төленбеген бір немесе бірнеше несиесі бар. Орта біліміді. Тіл білмейді. Қара жұмысшы. Еңбек келісімшарты мен медсақтандыру мүлдем жоқ. Корей шекарасынан өту үшін түрлі қулыққа барған. Бірі емделуге келдім деп, арбаға мініп алады. 

Ғабиден Темірбеков, ҚР Корей Республикасындағы Елшілігінің Консулдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:

- Қазақстан құрамасының киімін киіп алып, сөмкелерін алып, осы жерде қандай спорттық шара өтетінін алдын ала біліп алады. Жаттықтырушы, спортшы болып өтіп жатқандар да бар.

Шекара асқан қандастарымыздың бір тобы Сеул маңындағы құрылыстардың бірінде істейді екен. Кореяда заңсыз жүргеніне бір жылға жуықтаған. Барлығы Түркістан облысының тумалары.  Мақсаттары ақша тауып, несиелерін жабу, елден жер алып, кішкентай болса да, үй салу.  «Қазақстандықтар мұнда өте көп», - дейді. Олармен әлеуметтік желілер арқылы чат құрып, байланысып отырады. Шекарашыларының рейдтері мен бос жұмыс орындары туралы жедел ақпарат алмасады.

Ержан:

- Басымда екі кредит бар. Сол екі кредитімді жауып, баспаналы болсам деген арманым бар. Мен мұнда досым арқылы келдім. Корейлер өте еңбекқор халық. Сондықтан, жұмысты жақсылап істеу керек. Әрине, оңай жерде нан жоқ, еңбектену керек.

Ержан әңгіме арасында «жігітпіз ғой, қиындыққа шыдармыз. Жаман жолға түсіп жатқан өзіміздің қыздар да бар», дегенді де айтып қалды. Жасыл дәліз режимі біткенше елге қайтпақ ойы бар.

Ержан:

- Одан кейін келетін жігіттерге тәуекел етпеген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, мұнда келетін адам жоқ дегенде алты айдан бір жылға келсе ғана пайда табады. Келе салып, ақшаны күреп табамын деген ой болмасын.

Көшеден кездестіріп қалған тағы бір жерлесіміз Дастан. Алматының тумасы. Қазір жұмыс таппай қиналып жүр екен. Сол баяғы төленбеген несиесі бар. Кореядан көп табыс таба алмапты, тамақ пен тілден қиналған. Бірнеше ай жұмыссыз жатыпты. «Енді Қазақстанға қайтпасқа амал жоқ», - дейді. 

Дастан:

- Басқаларға еріп мен де келдім. Қазір жасаған қадамым дұрыс па, бұрыс па деп ойланып жатырмын. Жасыл дәліздің бітуіне дейін ақша жинап, қайтуға тырысамын.

Қазақстандық мигранттардың жұмыс жағдайын, жататын жерін көрмек болып Корей қалаларын аралап көрдік. Көпшілігі жұмысы орындарын көрсеткісі келмеді. Мына екі жігіт сыныптас екен. 25-ке де толмаған. Шымкент қаласының тумалары. Түскі үзіліске шыққанда сұхбаттастық. Біреуі жоғарғы білімді. Әскери шені де бар. Құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Бәрін тастап, арман қуып келген. Алайда, арманы сағымға айналған. Жұмыс істеп жалақысын ала алмаған. Оны талап ететін келісімшарты жоқ, заң қуайын десе, тіл білмейді. Қазір шекарашылардан қашып, басқа қаладағы металл қабылдау бекетіне жұмысқа тұрыпты. Ауыр жұмыстан қажығандары көрініп-ақ тұр. Кореяға келу үшін де біраз шығынданған. Барып-қайту билеті мен қосымша ақша ала келген. Сол шығынды жапса, қайтпақ ойлары бар.

Заңсыз жұмыс күші проблемасы корей билігі үшін де өзекті. Тәртіпті қанша күшейтсе де, мигранттар көші тыйылар емес. Бұл мәселеге қатысты ұзақ хат алмасу мен келіссөздерден кейін  Корей иммиграция қызметінен сұхбат алудың сәті түсті. Олар қазақстандықтарға 6 айға созылатын «жасыл дәліз» режимін пайдалануды ұсынды. Бұл режимді бұзғандарға 20 миллин вон немесе 6,5 млн. теңге айыппұл салу басталатынын айтты. Айыппұл сомасы мигранттың заңсыз жүрген мерзіміне де байланысты салынады екен. Бұл мәселені оң шешуге мигрант жіберуші елдер де атсалысуы керек дегенді пікір айтты.

Пак Джу Хен, Оңтүстік Корея Республикасы Көші-қон қызметі тергеу бөлімінің хатшысы:

- Заңсыз мигранттар санын азайту үшін әлемдік тәжірибеде екі елде құқықты шаралардан өзге де шектеулер қолданылады. Мысалы, депортация жасалған азаматтарды өз еліне оралған соң шетелдерге мүлде шығармау секілді санкциялар қолданғаны дұрыс. 

«Жасыл дәлізді» қолдану тәртібін білу үшін Инчхон әуежайындағы миграция бөлімшесіне бардық. Аядай ғана бөлмеде өзге ел азаматтары көп екен. Алайда, біздің отандастарды байқамадық. Көші-қон тәртібін күшейтуге шетелден келгендер арасында қылмыстың көбеюі түрткі болған. Мысалы, қазақстандықтар қатарында да корей түрмелерінде отырғандар бар. Оның ішінде кісі өлтіру мен қыз зорлау фактілері де бар көрінеді. Сондай-ақ, тіл білмейтін, заңсыз жүрген, қалтасында аз кем ақшасы бар мигранттары алдап соғатын жеңіл жүрісті қыздар көбейген.

Ғабиден Темірбеков, ҚР Корей Республикасындағы Елшілігінің Консулдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:

- 2018 жылы 9 қылмыстық іс-әрекет тіркелген. 3 азаматқа қатысты іс қозғалуда. 4 азамат бойынша сот процесі өтті. Адамның өміріне қастандық жасағандар бар. Біздің азаматтардың да қыз зорлау фактілері кездесті.

Ақша тауып, табысқа кенелеміз деп келіп, мүгедек болғандар, тіпті осында қаза тапқан қазақстандықтар да көп екен.

Ғабиден Темірбеков, ҚР Корей Республикасындағы Елшілігінің Консулдық мәселелер жөніндегі кеңесшісі:

- Құрылыс барысында 17 қабаттан құлап өлгендер бар. Жұмыс кезінде басқа объектілерге бара жатқанда ЖКО-на түсіп, қайтыс болғандар бар. Биыл 4 азаматтың денесін Қазақстанға жібердік. Осы жылы 2 азамат мүгедек болып қайтты.

Байқағанымыз, жат елде жүріп, түрлі проблемаға тап болғандар көбіне Қазақстан елшілігіне хабарласады. Бірі төлқұжатын жоғалтқан, екіншісінің мерзімі бітіп қалған. Үшіншісі, әуежайдан өте алмаған немесе елге қайта алмай жүр. Ең сорақысы, кейінгі кезде қыздар арасында виза алу үшін жасанды неке рәсімдеу белең алған. Себебі, қазақстандық немесе өзбекстандық кәрістермен некеге тұрғандарға 5 жылдық жұмыс визасы беріледі.

Қазақстан елшілігі қазақстандықтарға заңсыз миграцияның құқықтық жауапкершілігі қатаң екенін ескертумен келеді. Оларға арнап ақпараттық жадынамалар да таратылады. Бұл жұмысқа бізде атсалыстық.

Дулат Абибуллаев, тілші:

 - Сеулдың Дондемун деп аталатын ықшам ауданы. Бұл жерде Орта Азиядан келген халықтар көп жүреді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, өзбек, қазақ асханалары, дүңгіршектері тіпті мобильді байланыс операторларының төлем қабылдайтын бекеттері де бар. Менің қолымда тұрғаны Корей иммиграция қызметінің «жасыл дәлізге» қатысты жадынама қағазы. Мұнда «жасыл дәлізге» қатысты барлық ақпарат жазылған. Бұл ақпарат бюллетенін қазір жерлестерімізге тарататын боламыз.

Сеулдегі самса мен палауы, еті мен тандыр наны бар аудан тек осы жер. Сондықтан да, демалыс күндері жерлестеріміз жиналады екен.

Ә дегенше қандасымыз кездесе кетті. Сеулдегі қазақ студенті екен. Визасыз режим болса да, шекарадан өту қиындап кетті дегенді айтты.

Бекет Ақпан, студент:

- Келіп-кету қиындады. Әуежайда да сұрақ-жауап көбейген. Виза рәсімдеу күрделенді.

Расында да, әуежайда тексеріс қатал. Оны оператор екеуміз де сезіндік. Ресей арқылы келетін  «Владивоток-Пусан» бағыты да қатаң бақылауда. Тек биыл 5000-нан астам қазақстандық шекарашылардың сұрақтарына жауап бере алмай, әуежайдан кері қайтқан. 700-ден астам адам елден күшпен депортацияланған. Бұған Кореяда қашып-пысып жүрген 12 мың қазақстандықты қосыңыз. Жағдай жаға ұстатарлық деуге негіз бар. Себебі, бұл салада бизнес бой көтере бастаған.  «Кореяда жұмыс бар, ақшаның астында қаласың, шекарашыларды алдаудың алты әдісін айтамыз»  дейтін «делдалдар» толып жүр.

«Көк ақшаға көмілесіз, жұмыс пен жататын жер бізден» деген хабарламалар да интернетте қаптап кеткен. Оларға жазылған пікірлерді қарап, барғысы келетіндер аз емес екенін оңай байқауға болады. Ортадағы мұндай «пысықайларға» тұсау салып, еңбек миграциясын реттейтін кім бар екен?!  Дегенмен, тыйым мен ескерту алдымен ата-анадан болса игі еді. Себебі, ақша тапсам деп үйден жылдап жырақтаған баланың тағдыры әзірге тек солардың қолында болып тұр.

 

Дулат АББИУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу