Биыл 77 мыңнан астам отбасы қолжетімді баспанаға ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 77 мыңнан астам отбасы қолжетімді баспанаға ие болды

06.11.2018

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тоғыз айда 8,8 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Жыл соңына дейін тағы жалпы көлемі 12 млн. шаршы метр тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау жоспарланған. Өткен жылдары бағдарламаны орындау барысында туындаған олқылықтар да жойылмақ. Бұған дейін тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер учаскелерінің инфрақұрылымға жақын-алыстығы ескерілмейтін. Соның салдарынан бірнеше өңірде кешендер бой көтергенімен, инженерлік коммуникациялардың жоқтығы тұрғындарға қолайсыздық туғызған.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Бұрын берілген учаскелер жартылай инфрақұрылымсыз болатын. Ол жаңа проблемалар туындатады. Қазір тек қана инфрақұрылымы бар учаскелер ғана беріледі. Осы жылдың жоспары бойынша 40 мың учаске беріледі. Мұны бүгін әкімдіктегілер баяндады. 

Сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрі баспанамен қатар, әуе жолы да қолжетімді болатынын уәде етті. Келер жылдың мамырында Қазақстанда жаңа бюджеттік әуе компаниясы қызметін бастайды. «Жаңа лоукостер «Эйр Астананың» еншілес компаниясы болып құрылады және оған бюджеттен еш қаражат бөлінбейді», - дейді министр. «Эйр Астана» алдағы жылы 8 жаңа ұшақ сатып алмақшы. Бұл әуе көліктерінде орындықтар саны көбірек болғандықтан, билет құны арзандамақ. Айта кетейік, елімізде жаңа бюджеттік әуе компаниясын құру туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Инвестициялар және даму министрлігі мен «Эйр Астанаға» биыл қараша айында тапсырған еді.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу