Жәрдемақыны тағайындауда аз қамтылған отбасылардың табысы басқаша қаралуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жәрдемақыны тағайындауда аз қамтылған отбасылардың табысы басқаша қаралуы мүмкін

05.11.2018

Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, енді мемлекеттен берілетін жәрдемақыны тағайындау кезінде аз қамтылған отбасылардың табысы басқаша қаралуы мүмкін. Биыл елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі енгізілді. Мәжілістің Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі оның орындалу барысы жайлы есеп берді. Мадина Әбілқасымованың сөзінше, бүгінде бұл жүйемен жарты миллионға жуық ел азаматы көмек алып отыр. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 30 миллиардқа жуық теңге бөлінген. Қаржыны игеруде Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау облысы артта келеді. Жаңа жүйенің арқасында әлеуметтік көмек алушылардың табысы 7306 теңгеден 12809 теңгеге өскен екен. Мұның өзін мұқтаж азаматтар аз да болса, көп көруде. Сондай-ақ, министрлік  бұл жүйені одан әрі дамыту жолдарын қарастыруда. Әлеуметтік сауалнама жүргізіліп, ұсыныстар пысықталуда. Мәселен, отбасы табысын есептеу кезінде әлеуметтік көмектер енді есепке алынбайды деп жоспарланып отыр. Ал, қорасындағы бірді-екілі малын есепке алып, аз қамтылған жандарды жәрдемақыдан қағу деректері әлі де бар. Себебі, оны есептейтін әдістеме 2005 жылдан бері әлі өзгермеген.

Байділдә Жылқышиев, ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты:

- Мысал үшін, қосалқы шаруашылық деген қазір мүлдем өзгеріп кетті. Бұрын 2-3 тауығы жүрсе, соны да есептейтінбіз. Сол әдістемемен 13 жыл бойы әлі келе жатырмыз.

Мадина Әбілқасымова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Қазір жергілікті атқарушы органдарда осындай құқық, заң бар. Олардың осы қосалқы шаруашылықтан келетін табысты есептемеуге құқығы бар. Осындай құқықты біз заңға әдейі енгіздік. Бірақ, біреуі де бас тартқан жоқ. 

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу