ТМД елдерінде ядролық апат кезінде хабарландыру бірыңғай жүйе бойынша жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД елдерінде ядролық апат кезінде хабарландыру бірыңғай жүйе бойынша жасалады

02.11.2018

ТМД мемлекеттерінің үкімет басшылары Астанадағы отырыста осындай шешімге қол жеткізді. Сондай-ақ, бұл кездесу барысында түрлі саладағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 15 шешім қабылданды.

Альбина Әшім, тілші:

- Бұл жолғы жиын да Астана үшін маңызды, әрі жемісті болды десек жаңылыспаймыз. Өйткені, ТМД елдері үкімет басшылары күн тәртібіне енгізілген барлық сауалды толық талқылап, келісімдерге жете алды. Солардың бірі - Достастық кеңістігінде апаттық әрекет етудің бірыңғай жүйесін қабылдау туралы шешілді. Оған сәйкес, Достастықтың барлық елінде арнайы өкілетті орган анықталады. МАГАТЭ ұсынысы негізінде хабарландырудың бірыңғай формасы әзірленеді. Сондай-ақ, үкімет басшылары жоғары технологиялық-энергетикалық қондырғаларды өндіру бойынша ынтымақтастық тұжырымдамасын да талқылап, оны жүзеге асырудың жоспарын құрды. Ал, кеңейтілген отырыс аяқталысымен қазір кеңеске төрағалық етіп отырған Тәжікстан атынан бұл елдің премьер-министрі Кохир Расулзада журналистерге сұхбат берді.

Кохир Расулзада, Тәжікстан премьер-министрі:

- Алдымен Қазақстанға ТМД елдері үкімет басшыларының кеңес отырысын өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғысымды айтамын. Бұл жолғы отырыс та әдеттегідей өзара түсіністік мен сенім, әрі диалог жағдайында өтті. Отырыс барысында бірқатар ауқымды мәселелер талқыланды. Оның ішінде көпжақты байланыс орнату, қазіргі мүше-елдердің ынтымақтастығын нығайта түсу үшін қажет қадамдар да сөз болды. Ал, жабық күйінде өткен кеңес барысында экономикалық, әлеуметтік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау бойынша жақсы диалог орната білдік.

Айта кетейік, Тәжікстан бұл кеңеске төрағалығы кезінде 40-тан астам түрлі отырыс өткізген. Енді кезек Түрікменстанға келіп отыр. Ал, Қазақстан төрағалық етпесе де, бұл жолы осындай ауқымды шара өткізіп алаңқай ұсынғаны үшін делегациялардан алғысқа ие болды.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу