Жамбыл облысында заңсыз аң атқан бірнеше адам ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында заңсыз аң атқан бірнеше адам ұсталды

01.11.2018

Жамбыл облысында сексеуілді отау оқиғалары жиілеп кетті. Тек биылдың өзінде табиғи қорық аумағында 300-ден астам заңбұзушылық тіркеліп отыр. Аумақта сирек кездесетін аң-құстарды аулайтындар қатары да азаяр емес.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Аумағы үш миллион гектар жерді алып жатқан еліміздегі ең үлкен қорықты біз тікұшықпен шолып қайтпақпыз.

Аңшылық маусымы ашылғалы қорғауға алынған аумақта тайсалмай оқ ататындар көбейе түскен. Аңшылар рейдтік шара кезінде мылтық асынып жүрген жерінен қолға түсті.

Бақыт Төлеубаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының Жамбыл облысы бойынша бөлім басшысы:

- Жұмыс үстінде азаматтар ұсталды. Олар рұқсат етілмеген аумақта аңшылықпен айналысқан, бірақ, атқан аңдары жоқ. Аңшылыққа ешқандай рұқсат қағаздары жоқ. Осыған байланысты протокол толтырып жатырмыз.

Құмды аумаққа аңшылардан бөлек, сексеуілді отауға келгендер жетерлік. Өкініштісі, олардың ішінде орманшылардың өздері де бар. Бұл жолы әуеден қорғау қызметі сексеуіл ағашын заңсыз алып бара жатқан жүк көлігін тоқтатуға талпынды. Алайда, техника тізгіндегендер айласын асырып, қашып құтылды.

Леонид Сейдоренко, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының Алматы облысы бойынша бөлім басшысы:

- Үш сағаттық қуғыннан кейін ақыры жанармайы таусылған автокөлік тоқтады. Бірақ, бір күмәндісі мұнда орманшылардың картасын таптық. Мұндай қорғалған аумақтың картасы бір ғана орманшыларда болуы тиіс. Сондықтан, сыбайласқан қылмыстық топ деп топшылап отырмыз.

Табиғи қорықта заңсыз оқ атып, сексеуіл отайтындардан бөлек, тілсіз жау да қауіпті. Биылдың өзінде 133 мың гектар орман алқабы өртеніп кеткен. Бұл 2018 жылы ел аумағында болған ең ірі орман өрті ретінде тіркелді.

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу