Атыраудағы Сарыөзек елді мекенінің тұрғындары жылдар бойы ауызсудан таршылық көріп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Сарыөзек елді мекенінің тұрғындары жылдар бойы ауызсудан таршылық көріп келеді

31.10.2018

Амалы таусылған жұрт бау-бақшаға арналған техникалық суды пайдалануға мәжбүр.  Кейбір тұрғындар өз қолдарымен құдық қазып алған. Әйтсе де, ондағы судың сапасы күмән тудырады. 

Эльмира Аманғалиеваның Сары өзекке көшіп келгеніне 8 жыл болды. Күнде осылай тіршілік нәрін өзектен тасып ішеді. «Сапасыз су денсаулыққа  әсер етпей қоймады», - дейді ол. Ал, таза суды күнде сатып алу қалтаға ауыр тиеді. 

Эльмира Аманғалиева, тұрғын:

- Лас. Жазда балалардың іш аурулары көбейеді. Амал жоқ. Водовозбен құйдыруға зейнетке шыққан адамдардың жағдайы келмейді. 1 водовоздың өзі 7 мың.

Бақтығали Оразақ, тұрғын:

Осы 2015-те қалалық су арнасынан Сущенко деген бас инженер келіп, осы жердің бәрін өлшеп, смета жасап, қалалық әкімдікке бердік деді. Бірақ, қалалық әкімдіктен ақша бөлінбей тұр деді. Ақша берілсе, біз суды жүргіземіз деді.

Жандос Темірғалиев, тілші:

Өзектің жағалауында мынадай қоқыс қалдықтары жетерлік. Көріп тұрғанымыздай, суы да лай. Тұрғындардың айтуынша, кейде мына су шіріп, жайсыздық тудырады екен.

Мұнда 800-ге жуық тұрғын бар. Жағдайы жеткендері ауласынан құдық қазып алған. Алайда, жұрт құдықтың суын қанып іше алмайды, себебі құрт-құмырсқа өріп жүр.

Бақыт Оразбаева, тұрғын:

- Қанша уласақ та кетпейді. Құдығымызға осылай жиналып қалады. Осы суды ішеміз, енді не істейміз?!

Жергілікті билік ауылға көп ұзамай су құбыры тартылады деп отыр. Жоба дайын, мердігер мекеме анықталуда.

Алмас Сәрсенов, қалалық ТҮКШ бас маманы:

- Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылдың басына жоспарлануда. Жоба шеңберінде әуежай трассасынан бастап, Сарыөзек ауылына дейін су құбырын тарту көзделіп отыр.

Атырау облысында 164 елді мекен бар. Солардың 34-і әлі күнге дейін ауызсу тапшылығын көріп отыр. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде бұл ауылдарға таза су жеткізіледі деген жоспар бар.  

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу