Талдықорғанда жалған компания газ тартамыз деген желеумен 20-дан астам адамды алдап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда жалған компания газ тартамыз деген желеумен 20-дан астам адамды алдап кеткен

31.10.2018

Талдықорғанда үйлерге газ тартумен айналысамыз деген желеумен жалған компания құрған алаяқтар 20-ға жуық тұрғынды сан соқтырып кетті. Олар алдымен жалған келісімшарт әзірлеп, құбыр тарту жұмыстарын жүргізгендей кейіп танытады. Кейін ақшаны алған соң ізім-қайым жоғалады.

Алданып қалғандардың бірі - Әділ апа. Келісімшарт рәсімдегеннен кейін алаяқтарға сеніп қолдарына 100 мың теңгесін санап берген. «Алғашқы кезде жұмысқа кіріскендей болып құбыр өткізе бастады. Артынан мүлдем хабарсыз кетті», - дейді зейнеткер.

Әділ Кәкилат, қала тұрғыны:

- Кісі сенбейді дейтін емес. Адамның аласы ішінде екенін білмейміз ғой. «Біз бәрін қатырамыз», деді. Содан кейін бердік қой.

Бір қызығы, өздерін алдап соққан адамды тұрғындар өздері-ақ қолға түсіріп, құзырлы органға тапсырған. Мәселенің мән-жайын анықтағанша полиция күдіктіден қолхат алып жібере салған. Ресми түрде тәртіп сақшыларына осы іс бойынша үш арыз түскен. Алайда, алданғандар саны одан да көп болуы мүмкін.

Әйгерім Көппаева, Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі:

- Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары ҚР ҚК 190-бабы, бірінші тармақшасына сәйкес жүргізілуде.

Қазір қалаға газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 10-ға тарта мердігер бекітілген. Мамандар келісімшарт жасарда компанияның реквизиттерін мұқият тексеріп, ақша бергенде түбіртек талап ету керектігін ескертеді.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу