Қазақстанда дөңгелек шығаратын зауыт салу жоспарлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда дөңгелек шығаратын зауыт салу жоспарлануда

30.10.2018

Елбасы Жолдауында отандық өнім өндірушілерге барынша қолдау көрсетіп, халық тұтынатын тауарларды игеріп, қарапайым заттар экономикасын дамытуды тапсырған еді. Бұл - өте маңызды міндет. Өйткені, қазір көп жағдайда өзгенің өнімдерін тұтынып жүргеніміз жасырын емес. Мысалы, қазір күн суытқалы көлік дөңгелектеріне сұраныс өте жоғары боп тұр. Бірақ, базарлар мен дүкендердің сөрелерінде иін тіресіп тұрған сол дөңгелектердің ішінен отандық өнімді таба алмайсыз. Осыдан 5 жылдай бұрын Шымкентте бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгені жөнінде хабарланған еді. Алайда, ол жоба әлі іске асырылған жоқ. Есесіне ішкі нарыққа алыс-жақын шет елдердің өнімдері еселі бағамен көптеп енуде.

Ербол Мәндібек, тілші:

- Біз Астанадағы арнайы дүкендердің бірінде жүрміз. Мұнда қысқы мезгілге арналған тікенекті дөңгелектің алуан түрі бар. Бірақ, олардың барлығы импорттық тауар. Атап айтқанда, сөреде тұрған дөңгелектер Франция, Қытай, Ресей, Италия сынды бірнеше мемлекеттен жеткізілген. Бағасы 20 мың теңгеден басталып, 140 мыңға дейін жетеді.

Бұл дүкен тұтынушыға зәру емес. Жеке тұлғалар және алпауыт компаниялар кезекке тұрып тапсырыс беруде. Елімізде дөңгелек саудасының 60 пайызы осындай арнайы дүкендердің еншісінде. Қалған 40 пайызы базарларда сатылады. Осы ретте ең әуелі ішкі нарықтағы ахуалды баяндасақ. 

Қазақстанда жыл сайынғы қажеттілік көлемі 5,5 миллион дана дөңгелек. Сауда айналымының жалпы сомасы 500-600 миллион доллардың аралығында. Өнім түрлері 100 пайыз шетелдік.

Темірлан Жұманов, дөңгелек дүкенінің менеджері:

- Қазақстанда қазір шина зауыты жоқ. Бұрын шымкентте болған. Ресейдің өзінде 28, Қытайда 40 шақты зауыт бар. Біз де қалыспауымыз керек.

Дөңгелек әлемдік нарықта сұранысы өте жоғары құнды тауарға айналды. Технологияны тез меңгерген шетелдік компаниялар Қазақстан секілді өзіндік өндірісі жоқ нарықты жаппай жаулап жатыр. Нәтижесінде, миллиардтаған пайдаға кенелуде. Мәселен, француздық «Мишлен» компаниясының жылдық табысы 20 миллиард доллардан асып жығылады. Қазақстандық кәсіпкерлер осындай табысы мол істі неліктен игере алмай отыр?   

Нұржан Базыл, «Атамекен» ҰКП департамент директоры:

- Басқасын айтпағанның өзінде, біздің елде дөңгелек шығаруға қажетті шикізат жоқ. Атап айтсам, өндірістің басым бөлігін құрайтын табиғи каучук өндірілмейді. Тіпті қосымша қолданылатын «көк сағызды» қолдану технологиясы зерттелмеген. Оның үстіне дөңгелек шығару өндірісі өте қымбатқа түседі және бұл саладағы технология жыл сайын жаңарып жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай кәсіпті нар тәуекел деп бастайтын бизнесмен жоқ.

Айта кетейік, 2012 жылы Шымкентте шина шығаратын бірлескен кәсіпорын салынады деп келісім жасалған еді. Дереккөздердің мәліметінше, индонезиялық инвестор 300 миллион еуро көлемінде қаржы құюға бекінген. Бірақ, ол жоба әлі күнге жүзеге асырылмады.

Утан Садикин, «Multistrada Arah Sarana» компаниясының директоры:

- Біз өндірісті ұлғайту үшін Қазақстанда дөңгелек шығаратын кәсіпорын салуды жоспарладық. Жоба құны 300 миллион доллар деп бағаланды. Тіпті, 2012 жылы «Самұрық-Қазынамен» келісімге қол қойылған. Бірақ, ол келісім әлі күнге дейін күшіне енген жоқ. Мұны мен бітпейтін әкімшілік кедергілердің нәтижесі деп ойлаймын. Қазақстан тарапы кәсіпорын құрылысын бастау жөнінде осы уақытқа дейін нақты жауап бермеді. 

Алыстағы АҚШ пен Еуропаны айтпай-ақ, іргемізде тұрған Ресей мен Беларусь өндіріп, жан-жағындағы нарыққа саудалап жатқан көлік дөңгелегін Қазақстан неге өндіре алмай отыр? Кеткен шығынын еселеп қайтаратын дәл осындай жобаға біздің елде неге басымдық берілмейді? Осы сұрақтарға нақты жауап алу үшін Инвестициялар және даму министрлігіне екі апта бұрын хабарластық. Бірақ, әлі күнге құзырлы мекеме тарапынан мардымды мәлімет беретін бірде-бір маман табылмады.

 

Ербол МӘНДІБЕК   

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу