Түркістан облысының Шардара ауданында күріш жинау науқаны аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Шардара ауданында күріш жинау науқаны аяқталды

26.10.2018

Біраз жылдар бойы қол үзіп барып, егіншіліктің бұл түрін  қайта қолға алған диқандар қамбаға 7,5 тонна ақ маржан құйды. Күн райы қолайлы және ағын су жеткілікті болғандықтан, биыл қырман берекелі. Күріштің құны да, өнімділігі де жоғары.

Дәнінің тоқтығынан сабақтары жантайып, бір-бірін әзер демеп тұрған алқап Рақымберді Айтмырзаевтыкі. Бұл істің қыр-сырын әуелден жетік білетін ол биыл 20 гектар жерге өзгелердікінен бөлек тәсілмен күріш екті. Қазір гектарынан 80 центнерден өнім жинап алуда.

Рақымберді Айтмырзаев, шаруа:

Экологиялық таза күріш өндіру мақсатымен агрономиялық жолдарын есептеп, гербицид, химиялық тыңайтқыш пайдаланбай, таза өнім алып, өнімді негізінен шетелге өткізіп жатқан жайымыз бар.

Шаруа үшін күріштің тиімді тұсы - шығыны аз. Суын жеткізсең, болғаны. Оның үстіне қызылқұмның етегін жайлаған Шардара аймағының топырағы күріш үшін аса қолайлы. Биыл аудан бойынша 1 115 гектар жерге күріш дәні себілді.

Мұрат Нұрпейісов, шаруа:

Біздің күріштердің өнімділігі 1,5-2 есеге жоғары. Қызылорда ең көп дегенде 45-50 центнер алады. Ал, бізде күрішке қажетті  температура жеткілікті. Азды-көпті маман жұмыс істейді. Жердің мүмкіндігі де бар.

Бүгінде ауданда тұқым дайындаумен он шақты шаруа қожалығы айналысады.  Ғылыми-зерттеу инситутының мамандары олардың санын көбейту және селекциялық жұмыстарды жандандыру мақсатында жұмыс істеп келеді.

Жұмахан Дүйсенов, «Қазмақта» ғылыми-зерттеу институты Шардара аудандық филиалының бас агрономы:

Өнімді жақсы береді. Шардара ауданына бейімделген сорт.

Шардараның  күрішті дайын өнім етіп өңдейтін өз зауыты да бар. Қазір мұндағы жұмысшылар қырманға түскен ақ маржанды кептіріп, қоймаға жиып алып жатыр. Жиналған өнімнің 40 пайызы ішкі нарықта саудаланса, қалған бөлігі Ауғанстан мемлекетіне экспортқа жіберілмек.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу