Талғат Ермегиявке түрмеде жайлы жағдай жасағандарға қатысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғат Ермегиявке түрмеде жайлы жағдай жасағандарға қатысты сот үкімі шықты

22.10.2018

Талғат Ермегиявке түрмеде жайлы жағдай жасап, қызметтік лауазымын асыра пайдаланғандарға қатысты сот үкімі шықты. Астана колониясының бұрынғы басшысы Нұрлан Әбен үш, ал, оның орынбасары Талғат Мұсаев екі жылға бас бостандығынан айырылды. №2 Байқоңыр аудандық сотының судьясы осындай шешім қабылдады. Сондай-ақ, судья «ЭКСПО»-ның экс-басшысы түрмеде қолданған заттарын да тізіп берді. Сонымен, Талғат Ермегияевтің түзету мекемесіндегі ермегі қандай еді?

«Өкілеті мен қызмет бабын асыра пайдаланды». Бұрынғы түрме басшысына Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша осындай айып тағылып отыр. Ал, оның орынбасары оған қолғабыс еткені үшін сотталды. «Астана ЭКСПО»-ның экс-басшысы Талғат Ермегиявтың түрмедегі жағдайы елдікінен ерек болғаны дәлелденді. Дау туғаннан кейін былтыр желтоқсанда түрме толық тексеріліп шықты. Сол кезде тәркіленген дүние-мүліктің өзін тізіп беру үшін екі минуттан артық уақыт кетті.

Ермегиевтің бос уақытындағы ермегі «Монополия» ойыны болған екен. Тәркіленген заттардың ішінде DVD-ойнатқыш та бар. Соған қарағанда музыка тыңдау да сүйікті істерінің бірі болса керек.

Жұмсақ жиһаз, электр пеш, шәйнектен бастап кір жуғыш машина, плазмалық телевизор, екі камералы тоңазытқыш. Тіпті, салқындатқыш пен Wi-Fi да болған. «ЭКСПО»-ның экс-басшысына үйдікінен кем емес жайлы жағдай жасау үшін түрменің бір цехы арнайы жабдықталған екен. Күндізгі уақытын Ермегияев үнемі сол жерде өткізген көрінеді.

Міне, қатаң режимдегі колонияның тәртібін осылайша бұзып, Ермегиявке «еркіндік» берген түрме басшылығы үшін прокурор соттан 7 және 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Ал, судья экс-басшыға 3, оның орынбасарына екі жылдың өзі жеткілікті деп шешті. Сотталғандардың жақтаушылары болса, бұл шешімнің өзі қатаң деген пікірде.

Ал, осы оқиғаның басты кейіпкері Ермегияевтің ісін еске бір алсақ. Оған «ЭКСПО»-ны басқарған кезде 780 млн. теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған еді. Ал, оның қарамағында болған қылмыстық топтың мемлекетке келтірген жалпы залалы 8 млрд. теңгеден асады. Сот үкімімен 2016 жылдың маусымында Талғат Ермегияев 14 жылға сотталды. Қазынаны тонап тұтылса да, қатаң жазадан құтылудың амалын тапқан ол қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі 155/12 колониясында жазасын өтеп жүр. Шу шыққан соң еркінсінген Ермегияевті қауіпсіздік шаралары барынша сақталған түрмеге ауыстыру туралы шешілген еді.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу