Сыр өңірінен 1800-ге жуық бозбала әскерге аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінен 1800-ге жуық бозбала әскерге аттанды

22.10.2018

Бүгінде елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүруде. Биыл Сыр өңірінен 1800-ге жуық бозбала Қарулы күштер қатарын толықтырмақ. Осыған орай, кезекті лекпен облыстан 56 жас Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанды. Жергілікті әскери комиссариат ел қорғандарын игі дәстүрге сай салтанатты шарамен шығарып салды.

Қарулы күштер қатарына алынғандардың бірі қазалылық Мұрат Серікбай. Ол Отан қорғау әрбір ер жігіттің парызы деп біледі. Енді міне, 19 жастағы бозбала балалықпен қоштасып, ел қорғаны атанғанын мақтан етеді.

Мұрат Серікбай, жас сарбаз:

- Әскерге бару әр азаматтың борышы. Отан алдындағы парызы. Ағам да барды, әкем де барды, артымда ізбасарларым бар олар да барар бұйыртып жатса.

Жалпы, күзгі әскерге шақыру науқанында 900 қызылордалық жас еліміздің әскери құрылымдарын толықтырады деп жоспарлануда. Бұл жолғы лекпен Алматыдағы Мемлекеттік күзетке және Аягөз қаласындағы танк бригадасына жас сарбаздар іріктеліп алынды. 

Самат Қапашев, №10810 әскери бөлімінің батальон командирі:

- Бір ай көлемінде жас сарбаздар жиыны өткізіледі. Одан кейін әскери ант қабылдағаннан кейін, әр сарбаз өздерінің қасиеттеріне байланысты артиллерист, мотоатқыштар, зенитшілер болып бөлінеді.

Бүгінгі бозбала алдағы бір жылда әскери өмір мектебінен шыңдалып, нағыз ер жігітке тән қасиеттерді бойына сіңіреді. Баласын әскерге шығарып салған  ата-аналар үшін де бұл мерзім сындарлы кезең болмақ.

Лиза Баекешева, Қазалы ауданының тұрғыны:

- Менің ұлым әскер қатарына қабылданып жатыр, өте қуаныштымын. Баламның Отан қорғау борышында аман-есен оралуына тілекшімін. Барлық балаларға сәттілік тілеймін.

Салтанатты шара барысында барлаушылар полкінің сарбаздары әскери жекпе-жектен көрініс қойып, жастарды рухтандырып, жігерлендірді. Ел ағалары сырбойылық ел қорғандары ақ жол тілеп, қазақ әскерінің айбынын асқақта түсетініне сенім білдірді. 

 

Әділбек СЕРІКҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу