12 адамның өмірін аман сақтап қалған құтқарушы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

12 адамның өмірін аман сақтап қалған құтқарушы

22.10.2018

Елімізде осыдан 23 жыл бұрын төтенше жағдайлар қызметі құрылған болатын. Тілсіз жаумен арпалысып, адам өміріне араша болған сала қызметкерлерінің еңбегі ерен. Солардың бірі – Қанат Қалиев Қапшағай су қоймасында санаулы минутта 12 адамның өмірін аман сақтап қалған.

Бүгін Диана мен Әмина құтқарушы Қанат Қалиевті арнайы құттықтап келді. Шілденің аптап ыстығында суға түскен қос құрбы бір өлімнен қалған еді. Кенеттен толқын көтеріліп, жағажайдағылар абдырап, шарасыз күйге түсті. «Сол сәтте Қанат көмекке келмегенде, аман қалуымыз екіталай еді», - дейді Диана. 

Диана Тұрсын, Қапшағай қаласының тұрғыны:

- Шынымен де, біз сол кезде өлім мен өмірдің арасында болдық. Қанат ағамыз болмаса, біз осы жерде тұрмас едік. Қанат ағамызға мыңда бір алғыс айтамыз.

Көрер жарығы бар қыздарға Қанат Қалиев туған ағасындай болып кетті. Бірақ, өжет жігіт өзін батырмын деп санамайды. Сол күні ол суға кетіп, ес-түзсіз қалған 12 адамды жағаға шығарды. Өз өмірін бәске тікті.

Қанат Қалиев, құтқарушы:

- Адамның өмірі қымбат қой. Оған тең келер ештеңе жоқ деп ойлаймын. Адамдарды құтқару менің жұмысым. Мен өте жоғары қоямын жұмысымды.

Биылғы шомылу маусымында Алматы облысында 56 адам опат болды. Суға батқандардың көпшілігі тыйым салынған жерлерде шомылған. Алайда, құтқарушылар қырағылы мен ептілігінің арқасында 300-ден астам адамның өмірін сақтап қалды.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу