Жас мұнайшылар Алматы әкімі Бауыржан Байбекпен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас мұнайшылар Алматы әкімі Бауыржан Байбекпен кездесті

17.10.2018

Үш күнге созылған шарада сала мамандарының біліктілігін арттыруға арналған дәрістер мен кездесулер, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, өнерпаз мұнайшылардың қайырымдылық концерті де көптің көңілінен шықты.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында 86 мың қызметкер бар. Оның 17 мыңы жастар. Олардың еңбек жолындағы ұстанымы сапа, қауіпсіздік, қайырымды іс және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Осы бағытта оңтүстік астанадағы велошеруге қатысқан жас мұнайшылар қала әкімі Бауыржан Байбекпен кездесіп, көкейдегі сауалдарын қойды. Емен-жарқын әңгімеден жастардың түйгені көп. 

Әли Өсербаев, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС Өндірістік қамту базасының шебері:

-Жастар болған соң алға қарай дамуымыз керек. Қиындықтан еш қорықпай, тек кәсіби дамуымыз қажет. Елімізді көркейтуге үлесімізді қосуымыз керек. 

Еселі еңбек пен өнерді қатар алып жүретін жас мұнайшылар өздерін үнемі жетілдіріп, білімін толықтыруды жолға қойған. Себебі, олар әрдайым қайырымдылық шараларын ұйымдастарып, мәдени кештер өткізеді. Әркез ізгілікке ұмтылатын жастар Республика сарайында ардагер мұнайшыларға, әлеуметтік мекемелердің қарияларына, жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен қала жастарына арнап қайырымдылық концерт қойды.  Жас мамандар кеңесі ардагер мұнайшыларға естелік сыйлықтар табыстады.

Әлия Төлетаева, Су өндіру және тасымалдау басқармасы сораптар бекетінің машинисті:

-Бізде талантты жұмысшылар көп. Олар барлығына атсалысып жүреді.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрамында жас мамандардың 42 кеңесі жұмыс істейді. Сол кеңестердің бастамашыл жастары еліміздің әр өңірінде рухани-мәдени және біліктілікті арттыру шараларын өткізіп, қоғамның рухани дамуына үлес қосып келеді. Мемлекет басшысының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы оларға дем берді. Сондықтан, келер жылы шалғай елді мекендегі жастарды ынталандыру үшін ауылдарды аралауды жоспарлап отыр.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ      

Хабарламаларға жазылу