Көкшетауда аулаларды жөндеу жұмыстары жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда аулаларды жөндеу жұмыстары жалғасуда

16.10.2018

Биыл бұл мақсатқа 1 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген. Мүлдем жөндеу көрмеген 20-ға жуық аула жаңартылды. Абаттандыру жұмыстары қарашада аяқталады. Дегенмен, қалада әлі де ой-шұңқыры көп жолдар мен  тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырған аулалар жетерлік.

Көкшетаудағы аулаларды жөндеу жұмыстары бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Алдымен ірі ықшамаудандардағы көпқабатты үйлердің аулалары жөнделді. Инженерлік желілер толық жаңартылды. Жөндеу кезінде су мен жылу құбырлары, кәріз жүйесі ауыстырылды.

Ғалия Себіғатова, қала тұрғыны:

- Біз көшіп келген кезде бұл жерде жүруге болмайтын. Алдыңғы жылы түзеді. Қазір жүріп-тұруға жақсы. Балаларға ойын алаңдарын  салды. Жақсарып жатыр енді бәрі.

Шаһарда жөндеу көрмеген аулалар жетерлік. Сондықтан көкшеліктер Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған қалалық инфрақұрылымды дамыту тапсырмасына үлкен үміт артып отыр.

Сафура Қабақова, қала тұрғыны:

- Үйдің маңайына асфальт салынбаған. Алдының бәрі ойдым-ойдым. Көктемде, күзде, жаңбыр болғанда есіктің алдына шығуға болмайды. Бәрі саз. Балалардың ойнайтын жері жоқ. Кір жаятын жер жоқ. Енді Елбасы осындай аулаларды жақсартып, абаттандыру керек деп айтып жатыр. Сол бізге келсе деп ойлаймын.

Қала аулаларының көбі алдағы уақытта жөнделуі мүмкін. Себебі, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Марат Айжарықов, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Ағымдық жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 552 миллион бөлінсе, облыстық бюджеттен 407 миллион қаржы бөлінсе, бұл сома келесі жылы бір жарым есе көбеюі де мүмкін. Қазіргі уақытта әзірленген жобалық-сметалық құжаттамалар расталғаннан кейін бұл сома 1,5 есеге өседі.  

Тұрғындар жұмыстың ауқымы ғана емес, сапасына да көңіл аударылса дейді. Өйткені, жөндеуден кейін 1 жылға жетер-жетпес уақыттан соң асфальт жабындыларының ойдым-ойдым ойылып қалу деректері жиілеген.    

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу