Жамбылдық шаруалар Қаракөл қойын өсіруді қайта қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық шаруалар Қаракөл қойын өсіруді қайта қолға алды

15.10.2018

Жамбылдық шаруалар тұқымы жоғалып бара жатқан Қаракөл қойын өсіруді қайта қолға алды. Кезінде елтірісі алтынмен бағаланған асыл тұқымды қойдың қазір құны қалмаған. Тіпті, жүні арзан, елтірісіне ешкім қызықпайтын бұл түлік түрінің  жергілікті ашатұяқтылардан айырмашылығы болмай келеді.  Әйтсе де, шаруалар әлемдік нарықта терісі қымбат тұратын Қаракөл қойын көбейтуге бел байлап отыр.

Ғалымжан Назарбектовтың шаруашылығында 1000-ға жуық Қаракөл қойы бар. Кезінде қыруар пайда әкелген қойдан жүн алу үшін жылына екі рет қырқатын.  Қазір жүннің бағасы қырқуға кеткен қаржыны да ақтамайды. Сондықтан, жылына бір рет қана күзеуге тура келеді.  Ал, елтіріге сұраныс мүлдем жоқ.

Талас ауданында үш шаруашылық Қаракөл өсірумен айналысады.  Айтуларынша, былтырдан бері қойдың жүнін арзанға болса да сата бастаған. Әйтпегенде бұған дейін алынған өнімді өткізетін жер табылмай қоқысқа тастап келген. Ал 20 жыл бұрын 30 мыңнан астам Қаракөл қойы болған серіктестікте малдың саны қазір 4  мыңға да жетпейді.

Сейфумәлік Меркібаев,  серіктестік жетекшісі:   

-Қазіргі таңда сәл қожыраңқырап барып қайтадан қолға алып жатырмыз. Төлдеген қозыларды күзде қолдан ұрықтандырамыз.

Қаракөл тұқымды қойы ыстыққа төзімді келеді. Кеңестік кезеңде Түркіменстаннан әкелініп, еліміздің жазы ыстық, қысы жылы, климаты жайлы өңірлеріне жерсіндірілген. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда Қаракөл қойының саны 6,5 млн-ға жетіп, посткеңестік елдер арасында бірінше орыннан көрінген. Тіпті, Талас ауданында шаруашылықтардың 85 пайызы осы қой түрін өсірген.  Қазір ауданда 370 мың ұсақ мал болса, тек 10 мыңы ғана Қаракөл қойы.

Ауданбек Ерубаев, Талас ауданы әкімдігі Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Мемлекеттің қолдауыда төмен болып бара жатыр. Көбейтеміз деген ойымыз бар. Егер мемлекет елтіріні субсидиялайтын болса, онда Қаракөл қойын өсіруге үлкен мүмкіндік бар.

Мамандар кейінгі уақыттарда бұл өнім түріне сұраныстың күрт азайғанын химиялық жолмен жасалған елтірінің нарықта көбейіп кеткенімен түсіндіреді. Десе де, кәсіпкерлердің пікірінше, өндірісті күшейтсе, сыртқы нарыққа шығар жол табылмақ.       

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу