Елбасының Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі айтылды. 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі мен экспорт көлемі 2,5 есеге көбеюі тиіс. Аграрлық ахуалға қатысты Мемлекет басшысы Алматы облысындағы «Байсерке-Агро» серіктестігінің серпінді істерін мысал етіп айтты. Олардың атқарып жатқан жұмыстары өзгелерге үлгі екендігін де жеткізді.
Кешенді ауыл шаруашылығы - қазір дамыған елдердің экономикасының негізгі драйверіне айналған. Біздің елімізде де соңғы уақытта жаңа технологиялар шаруалардың еңбек өнімділігіне соны серпін беріп отыр. Мәселен, Елбасы айтқан Алматы облысы, Іле ауданындағы «Байсерке-Агро» серіктестігі.
«Байсерке-Агро» өндіріске еуропалық ең озық технологияларды енгізген. Айтсақ, италиялық тамшылатып суару және минералды тыңайтқыштарды қолдану әдісі арқылы биыл бір гектардан 90 центнер бидай, 70 центнер арпа жинаған. Ал, жүгері алқабының бір гектарынан 18 тонна, соядан 50 тонна дақыл алған.
Темірхан Досмұхамедов, «Байсерке-Агро» ЖШС төрағасы:
-Барлық қателігіңді білу үшін бәрін есеппен бастау керек. Мысалы, менің мына егіс алқабымда бір метр де бос орын жоқ. Яғни, жердің бәрі игеріліп жатыр. Осы жетістікке жаңа технологияларды дұрыс қолданудың арқасында қол жеткіздік.
Шаруасын өрге сүйреген серіктестіктегілер егіннен бөлек, ет пен сүт өндіру ісінде өзгелерден көш ілгері. Өйткені, кешен толықтай автоматтандырылған. Сиырға жем беру, сауу жұмыстарын роботтар атқарады. Цифрлы технологиялар тіпті сүттің құрамын сол мезетте тексеріп, жарамсыз болса, төгіп тастайды.
Тың технологияларды өндіріске енгізу арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға болатындығын осындай шаруа қожалықтары дәлелдеп отыр. Сондықтан, Елбасы кәсіпкерлерге шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін өзіндік оқыту жүйесін де қалыптастырған жөн екендігін айтты.
Амангелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.