Бүгін – Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау күні

09.10.2018

Дәл бүгін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова алдағы 4 жылда мүгедектердің жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа бағдарламаны таныстырды. Оған сай, салаға бөлінетін қаржы жыл сайын еселеп өспек. Сонымен қоса, жарым жандарға жасалатын көмек түрі де түрленіп, жаңа сапалы деңгейге көтерілмек.

Жасы 13-ке толған Мансұр өз қатарымен асыр салып ойнап көрмеген. «Оның омыртқасы зақымдалып, сал болып қалды»,-дейді қамкөңіл ана.

Жамал Смағұлова үйде отырып-ақ еңбек етеді. 70-мың теңге айлығы бар. Ұлттық бұйым жасаудың хас шебері. Әрі шәкірт тәрбиелейді. Тағдыр тауқыметін тартқан ана қоғамның мүгедектерге деген көзқарасын өзгерту қажет деген пікірде. 

Қазақстанда соңғы бес жылда мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 7,5 пайызға артқан. Үкімет сағатында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова осылай деді. Әсіресе, балалардың мүгедектікке душар болуы жиілеп кеткен. Әлбетте, туа біткен ауытқулар, жүйке жүйесінің аурулары дендеп тұр-деді, министр. Сондықтан, саладағы проблеманы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп шешу керектігін ескертті.

Жалпы еліміз бойынша 640 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың 56 пайызы қалада тұрса, 44 пайызы ауылда өмір сүреді. Қай-қайсысының да проблемалары шаш етектен. Ең алдымен жүріп-тұру, қоршаған ортаның өмір сүруге қолайлылығы, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, өмір сапасы секілді өзекті мәселелер әлі шешілмеген. Министр Мәдина Әбілқасымова 2019-2023 жылдарға арналған бағдарлама осы түйткілдердің түйінін түбегейлі тарқатады -деп, сендірді. Жамал Смағұлова да қамкөңіл жандардың жайын ойлайтын заң қабылданып, ол іргелі іске айналса құба-құп деп отыр. 

Ғабит БӨКЕНБАЙ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу