«Қорғас - Шығыс қақпасы» - Орта Азия мен Еуропа нарығына шығатын жол ғана емес, басқа да мемлекеттермен ынтымақты арттыруға зор мүмкіндік беретін аймақ. Алматы облысындағы арнайы экономикалық аймағына барған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов осыны айтты. Аталған ведомствоның ұйымдастыруымен еліміздегі дипломатиялық корпустың 40-тан астам өкілі кешендерді аралап көрді.
Дипломаттар алдымен стратегиялық нысанның жұмысымен танысты. Себебі, «Қорғас - Шығыс қақпасы» - «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асып жатқан негізгі жобалардың бірегейі. Қытай мен Орталық Азия, Еуропа және Парсы шығанағын бір-бірімен байланыстыратын логистикалық хаб. Көрші елден келетін тауарлар Қазақстан арқылы осы аймақтарға тасымалданады.
Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Кеше ғана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына үндеуінде біздің үкіметтің алдына, сонымен қатар, СІМ алдына бірқатар үлкен-үлкен міндеттер қойған болатын. Бүгін Қорғасқа қырықтан астам мемлекеттің елшілері, дипломаттары келіп отыр. Олар үшін бүгінгі көтеріп отырған мәселелер өте маңызды. Өйткені, біз арқылы, Қазақстан арқылы, Орталық Азия арқылы олар Азия нарығына, өздерінің тауарларына, қызметтеріне жол тауып отыр. Сонымен қатар, әрине, Қытай үшін, Азия елдері үшін де жақсы.
Елбасы Жолдауында көлік-логистика секторларын ілгерілету керектігін айтты. Мәселен, соңғы он жылда біздің көлік-логистикалық инфрақұрылымына 30 млрд. АҚШ доллар инвестиция құйылды. Ал, 2020 жылға қарай 8,4 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы тарту жоспарда бар. «Сондықтан, бұл Жібек жолы бойындағы сауда айналымының дамуына тағы да серпін береді», - дейді мамандар.
Амандық Баталов, облыс әкімі:
- Бұл жерде Қазақстанның өндірушілері емес, шет елден келген өндірушілердің барлығы осы жерден қоймалар ашып, тауарларын сатуға мүмкіндік жасап жатыр. Туристік потенциалы қандай?! Ел таң қалатын жерлер бар. Соның бәрін біз осындай өкілдерге, елшілерге айтуымыз керек, көрсетуіміз керек. Сонда өзінің еліне барып инвесторларды тартады.
Арнайы экономикалық аймақта қазір астық өңдейтін, жем азығын, бетон шығаратын зауыт, бірнеше қойманың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал, үш жылдан бері «Қорғас - Шығыс қақпасындағы» құрғақ порт арқылы Қытайдың 17 провинциясы мен Вьетнам және Оңтүстік Корея елдерінен келетін 200 мыңнан астам контейнер Еуразия нарығына тасымалданады. Енді 2020 жылға қарай осы көліктік әлеуетті 2 миллион контейнерге дейін жеткізу ісі жоспарда тұр.
Жискар Әл-Хури, Ливан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен Ливан елінің елшілігінен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Жалпы, бұған дейін Жібек жолы туралы көп естігенмін. Алайда, өз көзімізбен көру үшін осы жаққа ат басын бұрдық. Қалай құрылып жатқандығын бақылап, міне, керемет әсер алып отырмыз. Осы көрген дүниемді өз еліме оралған соң барлығымен бөлісемін.
Экономикалық аймақтың әлеуетін көрген дипломаттар одан әрі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығында болды. Олар сауда кешендерін аралады. Бұл жоба 2002 жылы Елбасының бастамасымен іске асқан. Қазір дәл осы Қазақ-Қытай шекарасындағы 760 гектар аумақта орналасқан орталықта кәсіпкерлерге салық пен кедендік жеңілдіктер жасалған.
Алмат ӘБДІРАМАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.