Автожолдардың құрылысы мен сапасы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автожолдардың құрылысы мен сапасы талқыланды

04.10.2018

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 58 пайызы ұлттық стандарттарға сай емес. Бұл туралы жол мәселе сөз болған баспасөз мәслихатында айтылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін «Астана-Павлодар» және «Павлодар-Семей» бағытындағы күре жол пайдалануға беріліп, үлкен Алматы автомобиль жолының құрылысы 2021 жылы аяқталатыны белгілі болды. Ал, айта-айта жауыр болған Қызылорда-Жезқазған жолы ше?

Жыр болған «Қызылорда-Жезқазған» күре жолы жөнделетін болды. Бұл үшін бюджеттен 500 млн. теңге қарастырылып отыр. Қазақстан дегенде қарап қалмайтын Еуропалық және Азиялық даму банкі де қосымша 200 миллион бөледі. Келесі жылдан бастап жобалық-сметалық құжаты дайындалса, жобаның өзі 2020 жылы жүзеге асырыла бастайды. Жол азабын белшесінен тартып жүргендер үшін таңы жаңалық.

Амангелді Беков, ҚР ИДБ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Ақтөбе мен Қандыағаштың арасындағы 150 шақырымның 60 шақырымын республикалық бюджеттен жүзеге асыруды бастадық. Келесі жылы қалған 90 км бастаймыз. «Атырау-Астраханьды» айтып кетсек, Ресейден бері қарайғы 60 шақырымды биыл бастаймыз. Қалған 230 шақырмында келесі жылы жұмыстар басталады.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары да жөндеуді талап етеді. Тіпті, 58 пайызы ұлттық стандарттарға сай емес. Бардың өзіне сын айтушылар көп. Себебі, алыс сапарға шыққан кісі көлігінің бензині таусылса, жолда қалып қоюы әбден мүмкін. Өйткені, бекеттердің арасы тым алшақ. Бұл машина жөндеу мен тамақтану орындарына да қатысты.

Амангелді Беков, ҚР ИДБ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Жол бойындағы сервистерге ерекше назар аударылып отыр. Біз алдағы уақытта ең алдымен халықаралық дәліздерді сервис қызметтерімен қамтамасыз етуді жүзеге асырамыз. Яғни, әрбір 50 шақырым сайын жанар-жағармай бекеті және шағын тамақтану пункті салынатын болады. Сол секілді, әрбір 150 шақырым сайын сервис нысаны, атап айтқанда, адамдар қона алатындай нысандар немесе Техникалық қызмет көрсету орындары салынады.

Жалпы, биылғы жыл басынан бері «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 24 автожол жобасы жүзеге асуда. Бұл жобалармен барлығы 4,6 мың шақырым жол жөнделіп, бас-аяғы 100 мың адам жұмыспен қамтылады. Ал, құрылыс материалдарының 95 пайызы отандық өнім. Жыл соңына дейін 500 шықырымнан астам жол пайдалануға беріледі.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу